Азия чемпионатына Қазақстан ерлер және қыздар құрамасын қоса есептегенде 39 боксшы алып барды.
Джакартада (Индонезия) өтіп жатқан бокстан 19 және 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақ боксшылары сәтті өнер көрсетіп жатыр, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
U19 санатында 65 келіде өнер көрсетіп жатқан Ақжүрек Қалабай Өзбекстан өкілі Иброхим Шокиржоновпен кездесіп, 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Жекпе-жектің бірінші раундында төрешілер жеңісті өзбек боксшына берген. Алайда, қалған екі раундта Ақжүрек қарқынды көтеріп, қарсыласын бас көтертпей ұрды. Енді ол жартылай финалға шығу үшін рингке көтеріледі.
Айта кетейік, Азия чемпионатына Қазақстан ерлер және қыздар құрамасын қоса есептегенде 39 боксшы алып барды.
Бұған дейін 19 жасқа дейінгі боксшылар арасында Едіге Нұрғожа (55 кг), Досжан Жұмақан (60 кг) және Әділ Асқанбай (50 кг) ширек финалға шығып үлгерген.
Ал, 23 жасқа дейінгі боксшылар арасында Асылхан Көшербай (65 кг) мен Нұрасыл Төлебек (60 кг) 1/8 финалдан сәтті өткен еді.