Қазақстан теннисшісі Зарина Дияс Қытайдың Наньнин қаласында өткен ITF турнирін жеңіп алды. Ақтық сында тайваньдық Я-Хсуян Лимен кортқа шыққан жерлесіміз 6:2, 6:3 есебімен басым түсіп, жарыс чемпионы атанды деп жазылған ITF-ің ресми сайтында.
Айта кетейік, қос теннисші бұған дейін бір-бірімен мүлдем кездеспеген. WTA рейтингінде Зарина Дияс 242-орында тұрса, Я-Хсуян Ли 300-ші сатыда.
Жартылай финалда қазақстандық теннисші жергілікті Цзин-Цзин Люмен кездесіп, 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жеткен болатын. Матч 1 сағат 14 минутқа созылды.
Жарыстың жүлде қоры 25 мың долларды құрады. Оның қаншауы Зарина Диясқа берілгені айтылмаған.
Еске салайық, былтыр Дияс қолынан жарақат алып, бірнеше ай бойы жарыстарға шыға алмаған болатын. Салдарынан оның WTA рейтингіндегі жағдайы нашарлап кетті.