$ 443.85  474.3  4.8

Канелоны спаррингте құлата алмадым, бірақ 16 қыркүйекте құлатамын - Головкин

Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы WBC, WBA (Super), IBF және IBO чемпиондық белбеулерінің иесі қазақстандық Геннадий Головкин TMZ Sports тілшілеріне сұхбат беріп, 16 қыркүйекте мексикалық Сауль "Канело" Альвареспен өтетін жекпе-жекке қалай дайындалып жатқанын айтып берді.

Айта кетейік, 2011 жылы Альварес Головкиннің бапкеріне тиесілі спорт залында біраз уақыт жаттыққан болатын. Бірер жылдан кейін қос боксшы спарринг өткізген. Бірақ, ол жекпе-жектің видеонұсқасы Интернетте жарияланған жоқ. Енді араға 4 жыл уақыт салып Головкин мен Альварес үлкен рингте жолықпақшы.

- Канеломен өтетін жекпе-жекке дайындығың қалай?

- Әдеттегідей, 100 пайыздық. Бірақ, бұл жолғы дайындық басқаларынан өзгеше. Өйткені, мен Канелоны, Канело мені жақсы біледі. Біз осыдан 4 жылдай уақыт бұрын бірге жаттықтық. Сондықтан, біз қазір жаттығуды өзгеше етіп өткізіп жатырмыз. Менің бапкерім Абель Санчестің өз жоспары бар.

- Өзара спарринг болды ғой?

- Иә, төрт жыл бұрын.

- Қалай екен?

- Өте күшті.

- Құлата алдың ба?

- Жоқ. Бірақ, 16 қыркүйекте құлатамын деп ойлаймын.

- Қалай ойлайсың, бұл кездесу толық 12 раундқа созыла ма?

- Ол жағын айта алмаймын. Бұл бокс. Бұл екеуміз үшін де өте үлкен жекпе-жек. Біз екеуміз де Big Drama Show көрсетуге дайынбыз, мейлі ол нокаут болсын, мейлі толық жекпе-жек болсын.

Еске салайық, Головкин мен Альварес арасындағы кездесу 16 қыркүйекте Лас-Вегас қаласындағы T-Mobile аренасында өтеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары