Швейцар теннисшісі Роджер Федерер Аустралия ашық біріншілінің (Australian Open) финалында хорват Марин Чиличті жеңіп, аталған турнирдің кубогін алтыншы рет қанжығасына байлады.
Кездесу 3 сағат 7 минутқа созылды және 6:2, 6:7 (5:7), 6:3, 3:6, 6:1 есебімен аяқталды. Төртінші сетте Федерер 3:1 есебімен алда тұрған болатын. Алайда, қатарынан 5 геймде жеңіліп, матч тағдыры бесінше сетте шешілді. Соңғы кезеңде Федерер қарсыласын айқын жеңіп, өз мықтылығын тағы бір дәлелдеді.
Осылайша, Роджер Федерер Australian Open турнирінің алты дүркін чемпионы атанып отыр (2004, 2006, 2007, 2010, 2017, 2018). Сондай-ақ, бұл оның "Үлкен дулыға" турнирлеріндегі 20-шы трофейі. Ал, Марин Чилич болса Australian Open турнирінің финалына алғаш рет шыққанын айта кету керек. Бұған дейін хорват теннисшісі бір рет (2014 жылы) US Open жарысын жеңіп алған.