Индонезия астанасы Джакартада өтіп жатқан жазғы Азия ойындарында алтын медаль алады деп үміт артқан балуан Нұрмахан Тынәлиев ақтық кезеңде сүрініп, жарыстың күміс жүлдегері атанды. Финалда ол өзбекстандық Мумиджан Абдуллаевтан жеңіліп қалған.
Айта кетейік, Тынәлиев 2010 және 2014 жылдары өткен Азия ойындарының чемпионы. Ол финалға дейін Индонезия балуаны Папанг Раманхани мен жапон Арата Сонаданы жеңді.
Ал, Қазақстандық балуандар Азия ойындарында алғаш рет алтын медальсыз қалып отыр. Бұған дейін ұлттық құрлық жарыстарына 7 рет қатысып, бәрінде жеңіс тұғырынан көрініп келген болатын.
Қазірше Қазақстан спортшылары Джакартадағы Азия ойындарында 1 алтын, 6 күміс, 12 қола иеленді. Бұған дейін семсерлесуден Дмитрий Алексанин Азия ойындарының чемпионы атанған.