$ 494.87  520.65  4.91

"Астана" Түркияда "Галатасараймен" тең ойнады (ВИДЕО)

"Астана" футбол клубы Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі соңғы ойынын өткізіп, жарысты аяқтады. Кеше түнде Стамбұл қаласында жергілікті "Галатасараймен" кездескен елордалық команда 1:1 есебімен тең ойнап, жалпыкомандалық есепте соңғы орынды иеленді. Жерлестеріміздің еншісінде 4 ұпай.

Айта кету керек, аталған матчтағы жеңіс "астаналықтарды" жарыстың келесі айналымына алып шықпаса да, Еуропа лигасының 1/16 финалында өнер көрсетуіне жолдама берер еді.

Ойынның алғашқы таймы алаң иелерінің толассыз шабуылынан басталды. Өйткені, "Галатасарайға" үш ұпай ауадай қажет еді. Оның үстіне, тек Түркияның ғана емес, Еуропаның әйгілі командасы алғашқы кездесуде "Астананы" сырт алаңда жеңе алмай кеткен болатын.

Ал, Станимир Стойлов шәкірттері болса сауатты қорғанып, қарсыластың шабуылына қарымта шабуылдармен жауап беріп отырды. Алғашқы тайм голсыз өтсе де қызықты сәттерге толы болды.

Екінші тайм алма-кезек шабуылдармен басталды. Қарымта шабуылдарға иек артқан елордалық клуб футболшылары 62 минутта есепті ашып, кішігірім сенсация жасады. Қапталдан Дмитрий Шомконың көтерген добына бірінші болып жеткен Патрик Твумаси қазақстандық жанкүйерлердің мерейін үстем етті, есеп 0:1.

Дегенмен, қарымта гол өзін көп күттірген жоқ. Допты алаңның ортасынан бастап, дереу шабуылға көшкен түрік футболшылары Эрич күзеткен қақпадан саңылау тапты. Гол авторы: Сельчук Инан.

Айта кетейік, қазақ футбол тарихында дәл "Астана" секілді Еуропа чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығып, 4 ұпай жинаған бірде-бір клуб жоқ.

ФОТО: Vesti.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары