Қыздар теннисінен Қазақстанның №1 ракеткасы Юлия Путинцева Дохада (Катар) өтіп жатқан Qatar Total Open турнирінің екінші айналымына шықты деп хабарлайды Vesti.kz.
WTA рейтингінде 57-ші сатыда тұрған қазақстандық теннисші бірінші айналымда словак қызы Анна Шмидловамен (29-ракетка) кездескен. 1 сағат 24 минутқа созылған матч 6:2, 6:4 есебімен Путинцеваның жеңісімен аяқталды. Айта кету керек, жерлесіміз Шмидловамен екі рет кездесіп, екеуінде де жеңіске жетіп отыр.
Екінші айналымда Қазақстан теннисшісі Бетани Маттек-Сандз — Тимеа Бачински жұбының жеңімпазымен бақ сынап көрмек. Бачински әлемдік рейтингтің 11-ші сатысында тұрған теннисші.
Дәл осы турнирде өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық теннисші Зарина Дияс болса бірінші айналымнан аса алмады. Ол латыш қызы Елена Остапенкоға 1:6, 3:6 есебімен жеңілді. Ал, Ярослава Шведова болса бүгін кортқа шығуы тиіс. Оның қарсыласы - Нао Хибино (Жапония).