$ 443.37  474.49  4.83

Энди Маррей Мария Шарапованы қатаң жазалау керектігін айтты

Британдық атақты теннисші Энди Маррей Head компаниясының ресейлік теннисші Мария Шараповамен келісімшартын ұзартатынына наразы екенін білдірді. Жуырда ғана допинг дауына іліккен Шарапова болса аталған мәселеге нүкте қойылмай ешқандай жарыстарға қатыса алмайтын болды деп жазады The Telegraph.

Маррейдің пікірінше, спорттық қондырғыларды шығарумен айналысатын Head компаниясы Шараповаға қатысты істің мән-жайын тексеріп алмай тосын шешім қабылдай салған. Ол допинг қабылдаған спортшылар қатаң түрде жазаланып, спорттан біржола шеттетілуі керек деген пікірді ұстанып отыр.

Айта кетейік, осыдан бірер күн бұрын Head компаниясы 10 наурыздан бастап Шараповамен бұған дейін болған келісімшарттың мерзімін ұзартатынын хабарлаған болатын. Компания басшылары теннисшінің шыншылдығына және батылдығына разы болғандарын айтты.

Ал, 8 наурыз күні немістердің Porsche автоконцерні Шараповамен арадағы серіктестікті үзді. Сонымен қатар, сағат шығаратын швейцариялық TAG Heuer фирмасы мен спорттық киімдерін тігетін Nike компаниясы да ресейлік теннисшімен одан әрі жұмыс істесуден бас тартты.

Естеріңізге салайық, 7 наурыз күні Мария Шарапова шұғыл брифинг өткізіп, өзінің допинг дауына іліккенін мәлімдеген еді. Ол бірнеше жылдан бері пайдаланып келген Милдронат препаратының 2016 жылдан бері тыйым салынған дәрілер қатарына енгеніне таңырқағанын жеткізді. Қазіргі таңда мамандар теннисшіні қайта тексеруден өткізіп жатыр. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары