Әйгілі швед шабуылшысы Златан Ибрагимович спорттық жолын «Манчестер Юнайтед» клубында жалғастырады. Бұл жайында De Telegraaf басылымы хабарлап отыр.
34 жастағы футболшы ағылшын клубының сапына 2016 жылдың жазында еркін агент негізінде қосылады. Өйткені, Ибрагимовичтің ПСЖ футбол клубымен келісімшарты осы уақытта аяқталмақ. Дегенмен, «Манчестер Юнайтед» өкілдері бұл ақпаратты әлі ресми мәлімдеген жоқ.
Айта кетейік, 13 мамыр күні Златан Ибрагимович париждік ПСЖ командасынан кететінін мәлімдеген болатын. Бұл спорттық ұжымға швед шабуылшысы 2012 жылы келген еді. ПСЖ сапында ол 178 ойын өткізіп, 152 гол соққан. Гол саны жағынан Златан клубтың рекордын жаңартты.
Соңғы маусымда ПСЖ Ибрагимовичпен бірге Франция чемпионатын жеңіп алды. Сондай-ақ, аталған клуб 24 мамырда Француздық лига кубогінің иегері, 21 мамырда Франция кубогінің иегері атанды.