Биыл тамызда өтетін Рио-де-Жанейродағы жазғы Олимпиада ойындарының соңғы жолдамалары бүгінде әлемнің әр түкпірінде сарапқа салынып жатыр. Олардың қатарында Астанада өтіп жатқан бокстан қыздар арасындағы Әлем чемпионаты да бар.
Байрақты бәсекеде өнер көрсетіп жатқан оңтүстікқазақстандық боксшы қыз Жайна Шекербекова жарыстың жартылай финалына шығып, Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Осылайша, Риоға баратын оңтүстікқазақстандық спортшылардың саны 17-ге жетіп отыр. Олардың қатарында бокстан әлем чемпионы Біржан Жақыпов пен Қайрат Ералиев, ауыратлет Жазира Жаппарқұл мен гимнаст Сабина Әшірбаева және өзге де спортшылар бар.
Ал, Қазақстан ұлттық құрамасының лицензиялар саны 88-ге жетіп отыр.
Айта кетейік, биыл ХХХІ жазғы Олимпиада ойындары Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында 5-21 тамыз күндері аралығында өтеді. Жарыстар барысында 301 медаль жиынтығы сарапқа салынатын болады.