Футболдан әлемнің екі дүркін чемпионы Аргентина ұлттық құрамасы бүгін Америка кубогінің финалында Чили құрамасынан жеңіліп, кезекті рет жарыстың күміс жүлдегері атанды.
Ойынның негізгі уақыты өте тартысты өткенімен, есеп ашылған жоқ. Төреші қос құраманың ойыншыларына 7 "сары" қағаз және 2 "қызыл" қағаз көрсетті. Қауіпті сәттер көп болғанымен, жеңімпаз 90 минут барысында да, әр қайсысы 15 минуттық қосымша қос тайм барысында да анықталмады. Ал, ойын соңындағы пенальтиде Чили футболшыларының жолы болып, есепті олар 4:2-мен аяқтады.
Аргентина сапынан команда капитаны Лионель Мессидің пенальтиден гол соға алмағанын айта кету керек. Осылайша, Аргентина ұлттық құрамасы екінші рет қатарынан Америка кубогінің финалында Чилиден жеңіліп отыр. Мұның алдындағы финал барысында да матч тағдырын ойын соңындағы пенальти шешкен. Ол кезде чилилік футболшылар 4:1 есебімен жеңіске жеткен еді.