Аргентина президенті Маурисио Макри және даңқты футболшы Диего Марадона Лионель Мессиден ұлттық құрамадан кетпеуін сұрады деп жазады Ultimas Noticias.
Мемлекет басшысы Мессимен телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме барысында президент ұлттық құраманың ойынына разы болғанын, Мессимен мақтанатынын және оған айтылып жатқан түрлі сыни әңгімелерге құлақ аспауын сұрады. Сондай-ақ, Макри өзінің Твиттер-парақшасында да Лионель Мессиге қолдау көрсетті. «Мен әлемдегі ең үздіктерді тағы бірнеше жыл көруге үміттімін», — деді ол әлеуметтік желідегі жазбасында.
Даңқты футболшы Марадона да Мессидің ұлттық құрамадан кеткеніне қарсы. Оның пікірінше, Аргентина 2018 жылы Ресейде өтетін әлем біріншілігіне Мессимен бірге барып, жеңімпаз атануы тиіс. «Команда жарты жолдан берілетін емес, алға басатын ойыншыларға арқа сүйеуі тиіс», — дейді Марадона La Nacion басылымына берген сұхбатында.
Айта кетейік, кеше Америка кубогінің финалында Аргентина құрамасы Чилиден жеңіліп қалды. Ойынның негізгі уақыты тең аяқталған соң, командалар жеңімпазды пенальти сериясы арқылы анықтаған. Аргентина капитаны Лионель Месси өз мүмкіндігін мүлт жіберіп, нәтижесінде Чили футболшылары екінші маусым қатарынан Америка кубогінің иегері атанды. Осы сәтсіздіктен кейін Месси ұлттық құрамадағы жолын аяқтайтынын мәлімдеді.