$ 480.55  533.75  5.36

Шымкенттегі спорт-интернатта тәуелсіздік мерекесіне арналған жарыстар өтті

Шымкенттегі Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектеп-интернатына биыл 20 жыл толып отыр. Осыған орай аталған спорт мектебінің ұжымы таяуда Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырып, мерейтойларын атап өтті.

Ер Бекзаттың есімін иеленген мектеп 1996 жылы ашылған болатын. Мектептің іргетасының қалануына септігін тигізіп, қаншама таланттың топ жаруына Ақжол Асқар мен Сейітбек Құлбаевтар зор еңбек сіңірді.

Салтанатты жиында Бекзат жайлы естеліктер айтылып, оның өмір жолынан өнегелі әңгімелер айтылды. Бұл білім ордасының республика бойынша көш бастап келе жатқанын айтқан Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев Олимпиада чемпионының жеткен жетістігін үлгі етіп, жастарды отаншыл, еңбекқор болуға шақырды.

Салауатты өмірді насихаттаған мерекеде футболдан спорт мектеп-интернаты мен облыстық футбол мектебінің жасөспірімдері шеберлік байқасты. Нәтижесінде спорт мектеп-интернатының командасы қарсыластарын 4:1 есебімен ұтты. Ал, бокстан өткен жолдастық кездесуде оңтүстікқазақстандықтар 5:3 есебімен тараздықтарға басымдық байқатты.

Айта кетейік, Бекзат Саттарханов бокстан 2000 жылы Сидней қаласында өткен жазғы олимпиада ойындарының чемпионы. Жастар арасында әлем біріншілігінің күміс жүлдегері, Азия чемпионы. Ол - қазақ спортшылары арасындағы ең жас Олимпиада жеңімпазы.

2000 жылдың 31 желтоқсанында Бекзат Саттарханов жол апатына ұшырап қайтыс болды. 2001 жылдан бері ОҚО-да бокстан Б.Саттарханов атындағы дәстүрлі халықаралық турнир өткізіліп келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары