Кешегі аптада Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында жасөспірімдер арасында үстел теннисінен облыстық турнир өтті. Айтулы дода ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналып отыр. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жарыста шардаралық жас спортшылардың мерейі үстем болды. Атап айтқанда, 2007-2009 жылғы балалар арасында бірінші орынды Хусенбек Дидар қанжығасына байласа, дәл осы жастағы спортшылар арасында тағы бір шардаралық жасөспірім Орынбасар Ерасыл үшінші орынға көтерілді. Ал, оның жерлесі Ан Сәрсенбек пен Мұхтархан Садықов «Үздік әдіс көрсеткені үшін» номинациясымен марапатталды.
Шардаралық жасөспірім спортшыларды жарысқа дайындаған бапкерлер ағайында Әлкей мен Төлеби Қалшабековтер шәкірттерінің көрсеткен нәтижесіне дән риза.
Дей тұра, командалық есепте Мақтарал командасы І орынды иеленсе, Сарыағаш командасы ІІ орынға тұрақтады. Ал, шардаралықтар болса бұл жолы жүлделі ІІІ орынды қанағат тұтты.
Осы ретте айта кету керек, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай Оңтүстік Қазақстан облысында бірқатар спорттық шаралар ұйымдастырылуда. Олардың көбі кәсіби спортшылардың арасында емес. Өзге маман иелері мерейлі мерекеге орай жұмыстарынан бір сәтке қол үзіп, шағын футболдан, волейбол мен бильярдтан, тоғыз құмалақтан өзара жарыстар ұйымдастыруда. Мұндай спорттық сайыстар жыл соңына дейін жалғасатын болады.