18 жастағы Назерке Әріпті өлтірген такси жүргізушісіне сот үкімі шықты деп жазады Spuniknews.kz. Айыпты енді алдағы 21 жылын қатаң режимдегі түрмеде өткізеді.
Алматы қаласы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты ер адамға "Кісі өлтіру" бабы бойынша айып тақты.
"Үкім шығарылды, енді шағым түсіреміз. Ол осының алдында жаза мерзімі біткенге дейін түрмеде отырған жоқ. Жақсы тәртібі үшін босатқан, сол себепті бұл жолы да солай істемейді дейтіндей кепіл жоқ", — дейді қаза тапқан қыздың анасы Сәуле Сарбаева.
Бойжеткенді зорлады деген айып айғақтардың жоқтығынан дәлелденбеді. Алайда қыздың анасы айтқандай, екі ай жоғалып кеткен бойжеткеннің денесінің "сау тамтығы қалмаған".
Назерке Әріп 10 шілдеде Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған. Туыстары оны Алматыға кетті деп ойлайды. Іздеу екі ай жүргізіліп, қыздың денесі бейіт басынан табылған. Бойжеткенді 6 қыркүйекте жерледі. Оны зорлап өлтірді деген күдікпен 33 жастағы такси жүргізушісі ұсталды.
Күдікті үш рет сотталған. Бұдан бұрын кісі өлтіргені үшін түрмеге түсіп, жақсы тәртібі үшін босап шыққан.