Алматылық Лиля Зонова есімді тұрғын қаладағы көлік жүргізушілеріне алаяқтардың жаңа түрі пайда болғанын айтып, оларды сақ болуға шақырды. Сондай әккілердің біріне тап болған әйел алданып қала жаздапты.
"Бүгін тапа-тал түсте Сәтпаев-Достық көшелерінің қиылысында менің жолымды мемлекеттік номеры жоқ қап-қара Priora автокөлігі бөгеді. Ішінен түскен жүргізуші маған адам қағып кетіп, оқиға орнынан кетіп қалғанымды айтты. Сол қаққан кезімде оның ULYSSE NARDIN деп аталатын аса қымбат қолсағатын сындырып қойыппын. Соның шығынын қайтаруды талап етті. Мен дереу жол полициясына хабарласып, оқиға орнына шақырта бастап едім, ол сол сәтте қашты да кетті. Естуімше мұндай алаяқтар Луганский көшесінде көптеп жүреді екен. Байқаңыздар!", - делінген Лиля Зонованың Facebook-парақшасындағы жазбасында.
Оның айтуынша, аңқау адамдар осындай алаяқтарға жиі алданып қалады екен. Сондықтан, қандай жағдай болмасын, ең алдымен полиция шақырту керек дейді ол.