$ 498.34  519.72  4.85

Шымкентте 250 мың теңге үшін бір отбасын қырып салған жігіт өмір бойына сотталды

Шымкентте үш бірдей адамды өлтірген қылмыскерге сот үкімі шықты деп хабарлайды Sn.kz, Түркістан облысы ауданаралық мамандандырылған сотының судьясы Әбсаттар Шахидиновке сілтеме жасап.

Қылмыстық іс материалдарына сүйенсек, 27 жастағы Олег Власкин биыл ақпан айында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған. Оның бүтін бір отбасын қырып салуына марқұмдардың бірінің қарызы себеп болыпты.

"8 ақпан күні сағат 17:30-да сотталушы ұрлық жасау мақсатында марқұмдардың үйіне келген. Үйде ол отбасының кенжесі Біржановты көреді, жас бала ағасының қарызы бар екенін білетінін және ол туралы ағасы анасына айтуы мүмкін екенін жеткізген. Ашуға булыққан сотталушы бөлмеден шығып бара жатып столда тұрған шағын ғана аттың мүсінін көріп, онымен жәбірленушінің басының артынан ұрады. Қанша рет ұрғаны есінде жоқ. Бала құлап, есін жоғалтқанда, оның басына полиэтилен пакет кигізіп, байлап тастайды", - деді сот үкімін оқыған судья.

Бала қайтыс болғаннан кейін Власкин оның денесін диванның артына тығып қойып, анасын күткен. Әйел үйге келген кезде бөтен адамның барын білмеген. Қандықол қылмыскер оны да басының артынан қатты затпен ұрып өлтіреді. Марқұм бір соққыдан-ақ жан тәсілім кетіпті. Әйелдің өлгеніне көз жеткізгеннен кейін Власкин өзіне қарыз 21 жастағы Александрды күткен.

Сотта белгілі болғандай, қылмыскер үшінші құрбанын да дәл сол аттың мүсінімен ұрып өлтірген екен. Бозбала бір соққыдан тіл тартпай кетіпті.

"Қылмысын мойындаған Власкин Александрдың компьютер ойынынан ұтылып, өзіне 250 мың теңге қарыз болғанын айтты. Берешегін ол біраз уақыт қайтармаған көрінеді. Отбасын жайратып салғаннан кейін сотталушы үйден 150 мың теңге тұратын екі ұялы телефонды, 270 мың теңге тұратын компьютер блогын, 50 мың теңгені ақшалай және 2 мың теңгелік аттың мүсінін алып кеткен", - деді судья сот отырысында.

Айта кетейік, жантүршігерлік қылмыс биыл 8 ақпанда болған еді. Бұл күні отбасының үлкен қызы туған күнін жасап, анасы мен бауырларын күткен екен. 1,5 сағат кешіккеннен кейін уайымдап, олардың артынан күйеу баланы жіберген. Мәйіттерді де алғаш болып тапқан сол жігіт.

"Ол кешірім сұрағандай болды, бірақ өкініп тұрған адамды көрген жоқпын. Оның туыстары да түк болмағандай отырды, олар үшін қалыпты жағдай секілді. Прокурор өмір бойына соттауды сұрап отыр, мен де сол жазаны талап етем. Мені отбасымнан айырды, бұған дейін анам мен екі бауырым бар еді, енді олар жоқ", - деп жылады отбасының үлкені Кристина Тимофеева.

Осылайша судья айыптыны өмір бойына соттады. Сот-медициналық экспертиза оның ақыл-есі сау екенін көрсеткен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары