Қазақстанда сотылық туралы анықтама беру тәртібі өзгерді, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетітінің баспасөз қызметі.
Хабарламада көрсетілгендей, таяудағы уақытқа дейін құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары жеке адамдардың арыздары бойынша соттылықтың бар не жоқтығы туралы мәліметтерді бекітілген «Соттылықтың бар не жоқтығы туралы анықтама беру» мемлекеттік қызмет көрсету стандарты шеңберінде соттылықтың жойылуы және алынуы ескеріле отырып беріліп келді.
Еңбек Кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес кәмелетке толмаған балалар қатысатын білім, тәрбие беру, демалысты және сауықтыруды ұйымдастыру, дене шынықтыру мен спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызмет көрсету, мәдениет пен өнер салаларындағы еңбек қызметіне кәмелетке толмағандарға қатысты кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана зардап келтіру, жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстары үшін соттылығы бар немесе болған адамдар жіберілмейді.
Осыған қарамастан тексеру барысында бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдардың білім беру мекемелерінде жұмыс істеп жүргендері анықталған еді. Бұлай болмауы тиіс.
Бұл жайттар арнайы есепке алу мәліметтерін беру тәртібін қайта қарау және берілетін ақпараттар көлемін кеңейту қажеттілігін алға тартты.
Осыған орай, ҚР Үкіметінің 2014 жылдың 17 мамырындағы №505 қаулысына сәйкес бұрынғы көрсетілетін мемлекеттік қызмет «Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есептері бойынша адамның қылмыс жасағаны туралы мәліметтері болуы не болмауы туралы ақпарат беру» деп аталатын болды.
Енді анықтамаларда соттылықтың жойылуына және алынып тасталынуына қарамастан адамның айыпталуышы ретінде жауапқа тартылуынан бастап, одан әрі оның қылмыстық жауаптылықтан босатылуы немесе жазалануы, сондай-ақ аталған адамға қатысты ақталмаған негіз бойынша қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылдау туралы ақпараттардың барлығы көрсетілетін болады.
Қарапайым тілмен айтқанда, енді құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары азаматтарға ол жасаған қылмыстар туралы барлық ақпараттарды беретін болады.