Зейнетақы төлеу орталығы қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыруға өз үлесін қоспақ. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Сайрам аймағы бойынша ауданаралық басқармасының ұйымдастырумен өткен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу, алдын-алу және болдырмау» тақырыбымен лекция барысында айтылды.
Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығы Сайрам аудандық бөлімшесінде өткен лекцияда сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын жасау арқылы осынау қоғамдық дертке қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту туралы сөз болды.
Лекцияға Зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығының Сайрам аудандық бөлімшесінің басшысы мен қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясының Сайрам аудандық филиалының Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Қоғамдық кеңес төрағасы, аудандық мәслихат депутаттары, Ақсукент ауыл округінің әкімі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен құжаттама бөлімі басшыларының орынбасарлары, сондай-ақ ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Лекциядан алдын қатысушыларға және жеке азаматтарға «Мемлекеттік қызметтер алу кезіндегі менің құқықтарым» тақырыбындағы жадынамалар таратылып, агенттік тарапынан дайындалған нысандағы сыбайлас жемқорлықты түсіну деңгейіне әсерін бағалау жөніндегі анонимді блиц-сауалнама жүргізілді.
Жиын барысында бөлімше басшысы атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берсе, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің Сайрам аймағы бойынша ауданаралық басқармасының консультанты Б.Ералиев сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін заңнамаларда көзделген жауапкершілік жөнінде баяндама жасады.
Сонымен қатар, жиынға қатысушыларға тақырыпқа сай дайындалған слайд көрсетіліп, сыбайлас жемқорлықтың қоғамға зияндылығын насихаттайтын бейнероликтер көрсетілді. Іс-шара барысында ардагерлер кеңесінің төрағасы сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, құқықтық мәдениетті арттыру бағытында өткізіліп отырған іс-шара маңызды екеніне тоқталып, қатысушыларды еліміздің дамыған мемлекеттер қатарына қосылуына өз үлестерін қосуға шақырды.
Лекция соңы азаматтарды жеке мәселелері бойынша жеке қабылдау өткізумен аяқталды.