Қостанай қаласының №2 соты «Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы» компаниясы жергілікті филиалының үш қызметкерін жемқорлық қылмысына айыпты деп танып, бас бостандығынан айырды. Сот үкімі 20 тамызда шықты деп хабарлайды Азаттық радиосы, Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сот үкімінде «Қазақстан темір жолы – жүк тасымалы» акционерлік қоғамы Қостанайдағы филиалының директоры Берік Қайдаров, оның логистика бойынша орынбасары Нұрбол Құрманалинов пен «Қостанай» станциясы бастығының орынбасары Арман Алматовтың өзара сыбайласып, 2018 жылдың қарашасынан 2019 жылғы ақпанның 1-іне дейін жүк жөнелтуші және жүк қабылдаушылардан бірнеше рет ақшалай пара алып келгені айтылған. Іс материалдары бойынша, қылмыстық топ параны жүкті тезірек жөнелту және қабылдап алуға септескені үшін алып отырған.
Сот тыңдауы барысында үш айыпталушы кінәларын мойындайтыны туралы прокурормен процестік келісім жасалған. Сот үкімімен Қайдаровқа – 6 жыл, Құрманалинов пен Алматовқа – 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Үшеуі де өмір бойына мемлекеттік лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сотталғандар жазасын қоныс колониясында өтейтін болады.