Петропавл қаласында Аяз атаның киімін киіп алып, көлікке тіркелген матрацта отырған үш жігіт қаланың орталық көшелерінде емін-еркін тайраңдады. Көп ұзамай, полиция бұл ерігіп жүргендердің кім екенін анықтап, оларды бірнеше бап бойынша әкімшілік жазаға тартты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Есер «Аяз аталар» қаланың ешқайда жұмыс істемейтін 19-20 жастағы тұрғындары болып шықты. Олар өз кінәларын мойындап, халықтан ресми түрде кешірім де сұрады.
«Тайота машинасының иесіне әкімшілік хаттама толтырылып, оған Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 593-бабы, 2-бөлімі бойынша 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сондай-ақ, матрацпен жүрген қалған 3 адамға 434-бап бойынша хаттама толтырылды», - дейді Петрорпавл қаласының ПБ Жергілікті полиция бөлімі бастығының орынбасары Шәмшіден Ақышов.
Еске сала кетсек, өткен аптада ғана дәл осындай әрекет қайғылы жағдаймен аяқталған болатын. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданында баллонға отырып алып, тас жол үстіндегі автокөлік тіркемесінде жүрген 2 жігіт қарсы келе жатқан көліктің астына кіріп кетіп, қаза тапты.