Түркістан облысының Бәйдібек би ауылында құны 2 миллион теңгеден асатын малды ысырап еткен малшы ұсталды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Кезекші бөлімшеге жергілікті тұрғыннан арыз түсіп, ол қойшыға сеніп тапсырылған 600-ге жуық ұсақ малының ішінен 60 бас малының жоқ екенін жеткізеді.
«Аталған арыз тіркеуге алынып, ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аудандық полиция бөлімінің тәжірибелі полицейлері бірден бағыт алып, тексеруді бастап кетті. Ауыл-аймақтың барлық жайылым жерлеріне тінту жүргізіп, көрген-білген тұрғындардан сұрақ-жауап алынды.
Сонымен қатар, мал базарлары мен мал тасымалдайтын көліктер тыңғылықты тексерілді. Тәртіп сақшылары бақташының өзіне сеніп тапсырылған ұсақ малды жымқырып, мал иесіне 2 миллион теңгеден астам шығын келтіргенін анықтайды» делінген хабарламада.
Тергеу барысында белгілі болғандай, қойшы өзіне сеніп тапсырылған малды біртіндеп, иесіне байқатпай сата бастаған. Сатқан ақшаны өз қажетіне жұмсаған. Күдікті бүгінгі таңда ешқайда кетпеу туралы қолхат жазды. Ол бұрын сотты болмаған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып, күдіктінің бұдан да басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.