Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста бірқатар заң жобалары мақұлданды. Атап айтқанда, депутаттар аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жаңа заң жобасына сәйкес, енді ауылдық округтердің бюджеттері салықтардың жаңа төрт түрінен түсетін түсімдер есебінен ұлғайтылатын болады.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин атап өткендей, бұл жергілікті бюджеттердің дербестігін дамытудың жаңа кезеңі, ол ауылдың әлеуметтік мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин бюджет қаражатын тиімді әкімшілендірудің маңыздылығын және әкімдерді дайындау деңгейінің қажеттігін атап өтті.
Айта кету керек, 2018 жылы қабылданған Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңға сәйкес, бөлінген қаражат бірінші кезекте қайда жұмсалатындығы ауыл тұрғындарының жиналысында анықталатын. Ал, жаңа заң жобасы бойынша әкім аппаратына өз бюджеттерін 20%-дан аспайтын мөлшерде түзетуге мүмкіндік беріледі. Бюджетті рәсімдері бекіту оңайлатылады. Сондай-ақ, меншікті түсімдер көлемінің 10%-нан аспайтын мөлшерде ауылдық бюджет резервін құру көзделеді.
Сондай-ақ, заң жобасында мәслихаттар депутаттарына қосымша құқықтар мен міндеттер беру және мәслихаттар хатшыларының құқықтық мәртебесін арттыру ұсынылады.
Бүгінгі жалпы отырыста депутаттар «Суға батып кеткен кемелерді жою туралы 2007 жылғы Найроби халықаралық конвенциясын ратификациялау туралы» Заң жобасын мақұлдады. Конвенцияның негізгі мақсаты суға батып кеткен кемелерді тез әрі тиімді түрде жою және кеме иесінің шеккен шығыстар мен келтірілген залал үшін өтемақы төлеуі жөніндегі бірыңғай халықаралық қағидалар мен рәсімдерді әзірлеу және енгізу болып табылады.
Конвенция Конвенцияға қатысушы мемлекеттің туын көтеріп жүзетін немесе Конвенцияға қатысушы мемлекеттің айрықша экономикалық аймағына кіретін, жалпы сыйымдылығы 300 және одан көп тіркелімдік тонна барлық теңіз кемелеріне қолданылады. Конвенция суға батып кеткен мүлікті жою үшін азаматтық жауаптылықты міндетті сақтандыру және ту мемлекетінен сақтандыру полисінің бар екенін растайтын куәлік алу жүйесін енгізеді, сондай-ақ сақтандырушыға өтемақы бойынша тікелей талаптар қоюға құқық береді.
Мәселен, Конвенцияның 5-бабында кеме капитанының, кеме иесінің не суға батып кеткен мүліктің меншік иесінің өзінің суға батып кеткен мүлкі туралы хабарлау міндеттері белгіленеді және мұндай хабарламаларды беру тәртібі регламенттеледі. Сонымен қатар Палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.
Шартқа сәйкес Тараптар сотталған адамдарды беруге қатысты барлық жағдайларда өзара ынтымақтастықты жүзеге асырады. Құжатта сотталған адамдарды берудің және одан бас тартудың нақты негіздері көзделген. Шартты ратификациялау сотталған адамдарды олардың азаматтығы тиесілі қоғамға қайта интеграциялауға ықпал ететін болады.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Олар: А.Жамалов, А.Милютин, Б.Дүйсенбинов, С.Имашева, Ж.Ахметбеков, С.Ерубаев, А.Қоңыров, С.Решетников, М.Раманқұлов, Қ.Иса, Ғ.Әміреев, А.Линник, Л.Павловец.
Бүгін жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары Б.Әбдіғалиұлы, А.Бойчин, Ю.Жулин, В.Ким, Ю.Кучинская және А.Құспан Ант қабылдады.