Коронавирусқа шалдығып, алты келідей салмақ тастаған Британия премьері Борис Джонсон коронавирус пандемиясы келесі жылдың ортасына қарай тыйылады деген мәлімдеме жасады.
Бұл елде көктемде вирус жұқтырғандардың саны күрт өсіп, жазға қарай дерттің таралуы бәсеңсіген еді. Алайда, соңғы күндері науқастардың қатары көбейіп барады. Елдегі кей сарапшылар күз бен қыста індеттің екінші толқыны басталады деген пікірде.
Қазір Британияда екі зерттеу орталығы вакцина жасаумен айналысып жатыр. Әзірге олардың қашан дайын болатыны нақты жарияланбады. Оксфорд ғалымдары екпе қыркүйекте дайын болады десе, Imperial College зерттеушілері вакцина 2021 жылдың ортасына қарай өндіріле бастайды дегенді айтып қалды.
«Келесі жылдың ортасына қарай індетті еңсереміз. Бірақ, мен мына нәрсені айтуым керек: біз әлі де қиын кезеңді бастан өткереміз. Экономикамыз ауыр кезеңнен өтпек. Десе де түбінде бәріміз бұл дертті жеңіп шығамыз», – деді Джонсон.
Сонымен қатар, британиялық премьер екпеге қарсы пікір білдіріп жүргендерге қатысты ойын ашық айтты.
«Вакцинаға қарсы шығып жүргендер... Олардың есі дұрыс емес», – деп ойын бүкпей жеткізді Джонсон.