Әлем 02.11.2020 сағат 06:20

Минскіде «Террорға қарсы марш» өтті

Қала орталығын полицияның арнайы жасағы тағы да бөгеп тастады. Полиция адамдарды ұстап жатыр.
Минскіде «Террорға қарсы марш» өтті
фото: azattyq.org
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

1 қарашада Беларусь астанасында билікке наразы адамдар "Террорға қарсы марш" өткізді. Қала ортасынан шерулетіп шыққан бірнеше мың адам Сталин репрессиясы кезінде адамдар атылған қала сыртындағы Куропаты ауданына қарай барды, деп жазады Азаттық.  

Халық саяси қуғын-сүргін құрбандарына құрмет көрсеткен 1988 жылғы шеруді еске алды. Сол жолы шеруге қатысқандар қазіргі билікке қарсылықтың символына айналған ақ-қызыл-ақ жолақты туды алғаш рет көтерген.

Азаттықтың Беларусь қызметінің хабарлауынша, Лукашенко билігіне қарсылықтың 84-күнінде мобильді интернет жұмысы нашарлап, метроның бірнеше станциясы жабылды, көшелерде құқық қорғау органдарының арнайы техникалары тұр. Қала орталығын полицияның арнайы жасағы тағы да бөгеп тастады. Полиция адамдарды ұстап жатыр.

Минскіде және елдің басқа қалаларында наразылық шаралары 9 тамызда өткен президент сайлауынан бері тоқтамай тұр. Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, сайлауда алтыншы рет президент сайлауына қатысқан Александр Лукашенко жеңіске жеткен. Оппозиция сайлау нәтижесін мойындамай, Лукашенконың орнынан кетуін талап етті. АҚШ-тың және Еуропа елдерінің басшылары да Беларусьтегі президент сайлауының нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді.

31 қазанда Минскіде жүздеген адам қатысқан әйелдер маршы өтті, шараға мүмкіндігі шектеулі адамдар да қатысты. Қала орталығына жиналғандар Александр Лукашенконың орнын кетуін талап етіп, "Еркіндік!", "Триубнал!" деп айқайлады. Оқиға кезінде кемінде 11 адам қамауға алынған.

Бұған қоса, осы күні Гродно қаласында "Гродно Азот" мекемесіндегі ереуілді қолдаушылардың митингі өтті. Мұнда 100-150-шақты қара киімдегі адамдар наразы жұрттың жолын бөгеп, митинг өткізуге кедергі келтірген.

Мұның алдында ғана Александр Лукашенко күш құрылымдарының жаңа басшыларымен кездесіп, наразылыққа шыққандарға "қатаң шаралар қолданатынын" айтқан.

Ішкі істер министрлігіндегі басшыларды алмастырып, шекараларды жартылай жабу арқылы Лукашенко билігін нығайтуға тырысып жатыр деген болжам бар.

Сайлаудан соң шетелге қашуға мәжбүр болған оппозиция жетекшісі Светлана Тихановская 26 қазаннан бастап елде жалпыұлттық ереуіл бастауға шақырған. Сол үндеу бойынша ірі мекемелерде, зауыт-фабрикаларда, оқу орындарында сайлау нәтижесімен келіспейтіндер жұмыс істеуден, оқуға барудан бас тартып, қарсылық білдіріп жатыр.

Лукашенко ереуілдеген студенттерді оқудан, оларды қолдаған оқытушыларды жұмыстан шығаруға нұсқау берген. Мемлекеттік оқу орындарында студенттерді оқудан, қызметкерлерді жұмыстан шығару фактісі көбейді.

Бұған қоса Беларусь парламентінің төменгі палатасы әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне өзгерістер енгізу жайын қарап жатқаны белгілі болды. Ол бойынша, рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны, лауазымды тұлғаның талабына бағынбағаны және туды заңсыз пайдаланғаны үшін жаза күшейтілмек.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар