$ 449.58  486.94  4.86

Украина ұшақ апатына террористерді кінәлап, өз дәйектерін жариялады (ВИДЕО)

Малайзиялық «Boeing 777» ұшағының апатқа ұшырауына байланысты Украина тарапы террористерді кінәлап, бейне және аудиожазба дәйектерін жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Украиналық «sled.net.ua» сайтында Украина қауіпсіздік қызметі бейне және аудио жазбалар жариялады. Ондағы аудиожазбада «Бес» лақап атымен танымал Игорь Безлер есімді лаңкес пен РФ Қарулы күштерінің бас штабы бас барлау басқармасының полковнигі Василий Гераниннің әңгімесі жазылған. Олардың әңгімесінде террорист ұшақты «Минердің» тобы құлатқанын айтады. Атып түсірушілер Чернухино блокпостында тұрған казактар екен. «Жүз пайыз жолаушылар борты. Сынықтары тұп-тура аулаларға келіп түскен. Ішкі кронштейндер, орындықтар, адам қалдықтары бар» дейді әңгімелесушілердің бірі.

Айта кетейік, кезекті атышулы ұшақ апатына байланысты Ресей мен Украина тараптары бір-бірін кінәлап жатыр. РФ президенті Владимир Путин бұл мәселеде «ұшақ апаты қай территорияда орын алды, сол мемлекет жауапты» деген пікірін білдірді. Сонымен қатар, бұл апаттың себеп-салдарын анықтау жұмыстарына Ресей Үкіметі мен әскери ұйымдарының барынша қолдау білдіретінін мәлімдеді.

Сондай-ақ, Украина күштік құрылымдары бұл ұшақ апатына байланысты лаңкестерге қатысты қылмыстық іс қозғап та үлгерді.

Малайзиялық «Boeing 777» жолаушылар ұшағы Амстердамнан Куала-Лумпурға бара жатқан жолда Украина аспанында апатқа ұшыраған болатын. Ал, оның ішіндегі 298 адамның барлығы қаза болған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары