Коронавирустың екінші толқынына дайындық ретінде 8,2 миллиард теңгеге 44 түрлі дәрі сатып алынды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алексей Цой COVID-19 инфекциясының екінші толқынына дайындық қызу жүріп жатқанын атап өтті.
«Күз-қыс маусымдарында коронавирустың жаңа толқыны болуы мүмкін деген күдікпен бірқатар жұмыстар жүргізілді. Біріншіден, бірыңғай дистрибьютордың (СҚ Фармация – ред.) қоймаларында 2 айлық дәрі-дәрмектің азаймайтын қорын қалыптастыру. 8,2 миллиард теңгеге тапшы және қажет деген 44 түрлі дәрінің түрін сатып алу көзделген. Ол шамамен стационарлардағы 60 мың науқасты 1 ай көлемінде емдеуге есептелген», - деді министр.
Министрдің айтуынша, COVID-19 бойынша 2 айға есептелген дәрі-дәрмек қоры бірыңғай дистрибьютордың (СҚ Фармация – ред.) хабында сақталады.
«2020 жылдың 15 қазанындағы мәлімет бойынша, 5,92 миллиард теңгеге 37 дәрінің түрі сатып алынды. Бұл шара дәрі-дәрмектің резервін құруға мүмкіндік береді», - деді Цой.
Айта кетейік, Қазақстанда 109 623 адам COVID-19 жұқтырды. Осы күнге дейін 105 145 науқас жазылып шықса, 1 768 адам қайтыс болды.