$ 494.87  520.65  4.91

«Аурудың барлығы ішкі ағза тепе-теңдігінің бұзылуынан болады» – фармацевт-ғалым

Қыста бүйректің тепе-теңдігін сақтау керек. Табаннан суық өткізіп алмай, бүйректі қуаттап тұратын өнімдерді пайдаланған дұрыс.

Қазақ жері шипалы өсімдікке бай. Олар түрлі ауруға ем, тіпті қатерлі ісікке де шипа бола алады. Өкінішке қарай, кей түрлері ғылыми түрде зерттелмеген. Бұл туралы танымал қытай, тибет медицинасы сияқты өзіміздің қазақ шипагерлігінің дамуына үлес қосып, ғылыми түрде толық зерттеп жүрген фармацевт-ғалым, Darym Zaruat  ЖШС қазақ шипагерлігін зерттеу орталығының директоры Арғынбек Қабылқақ арнайы Skifnews.kz ақпарат порталына әңгімелеп берді. 

Медицина салында технология дамып, түрлі жаңашылдықтар пайда болып жатқан кезде дәстүрлі медицинаның рөлі қандай, әлі де сұранысқа ие ме?

Иә, қазіргі кезде дәстүрлі медицина әлі де сұранысқа ие. Көп адамдар тамырын ұстатып-ақ, қандай аурулары бар екенін білгісі келеді. Ал, дәстүрлі медицинада мүшелер ара тілауысымдылық деген түйін болады. Сол мүшелер ара тілауысымдылық жақсы болмаған жағдайда, адамдардің ішкі құрылыстарында аурулар пайда болады. Қатерлі ісіктер сияқты аурулардың барлығы ішкі ағза тепе-теңдігінің бұзылуынан болады. Мысалы, Қытай медициансында «бес сан» деп аталады. «Бес сан» деген – жоғары жақтағы өзара көрші тұратын бес мүше. Олар: өкпе, бауыр, көкбауыр, бүйрек және жүрек. Осылардың тепе-теңдігін сақтау үшін, ағзада болып жатқан өзгерістерді алдын ала, осы дәстүрлі медицинаның арқасында білуге болады. 

Кейбір адам көбіне халықтық емге емес, дәрігерлерге жүгінген дұрыс дейді. Осы орайда халықтық ем дәстүрлі емге қарағанда пайдалы бола ала ма?

Қазір халық емдерін ғылыми деңгейде зертеуге қолдау жасалып отырған жоқ. Мысалы, қазақта халықтық емді – қазақтың шипагерлігі дейді. Ал, мына Қытай Халық Республикасының – қытай халықтық медицинасы, тибеттерде -тибет медицинасы деп танылған. Солардың барлығын ұлтына қарай, өз мемлекеттері дамытып, қаржы бөлу арқылы жоғары деңгейде көтерген.  Олардың жасаған дәрілері қазіргі дәстүрлі медицина дәрілерімен ұқсас, солай дамытқан. Енді, қолдау тапқан нәрсе жаппай халық ішінде де кеңінен таралатыны белгілі ғой. Бірақ, қазіргі дәстүрлі медицинаның да өзінің ерекше орны бар. Қанша адамды емдеп, жазып, аман алып қалып, пайдасын тигізіп жатыр. Медицинаның түп-төркіні бір ғой. Айналып келгенде саусақ бөлек болғанымен, білек бір деген сияқты, екеуінің де мақсаты бір – ауырған адамға шипа беру. Мен қазақ шипагерлігін зерттеп жүрген адам ретінде, дәстүрлі медицинаны жоққа шығара алмаймын. 

Құрамы бірдей аты-жөні бөлек дәрілер көбейіп кетті, сонда дәрі-дәрмек денсаулық сақтаудан бұрын бизнес көзі болып кетті ме?

Расында қазір ауру басатын, сергітетін, гармондық заттар қосылған құрамы бірдей болғанымен, аты бөлек дәрілер көбейіп кетті. Көп адамдар бизнестің жақсысы – дәрі-дәрмек деп ойлайды. Олай болуы да мүмкін. Бірақ, бұл дәрі-дәрмектердің беретін еміне, құрамына, жасалуына мән беріп пайдалану керек. Витаминдер қосылған, тек қана ас тағамдардан (бұршақ, жүгерінің дәні сияқты)  жасап қойғандар да көп кездеседі. Түрлі өсімдіктерден жасалатындар да бар. Мұның барлығы белгілі бір деңгейде қаралатын, зертелетін дүние. 

Қазақстанда ғана өсетін өсімдіктердің ерекшелігі неде? Одан жасалған дәрілердің қандай емдік қасиеті бар? 

Қазақстанда ғана өсетін өсімдіктердің түрлері өте көп. Сонымен қатар, олар далада, қорғалмаған, ешқандай дәрі қосылмаған, жабайы, табиғи, өзінің тамырындағы адам денесіне керекті дәрумендердің барлығы бүлінбей толық сақталған. Сонымен қатар, басқа елдерде бар өсімдіктердің барлығы өз жерімізде де өседі. Солардың ішінде, жақсы сұранысқа ие – жаужұмыр, дағұрбалдырған, аюбалдырған, шырмалғыш шай-шөп, құрт шөп, қызылмарал, ақбала, т.б. сонымен қатар, сасыр тұқымдастары бар, далада өсетін етсұңғыла, шөпсұңғыла сияқты түрлі өсімдіктер бар. Мияның түр-түрі кездеседі. Бұлардың дәрілік қасиеті өте күшті, басқаларға ұқсамайды. Оларды қорғап, өсіріп, дамыту керек. Ал, олардан жасалған дәрілердің қандай емдік қасиетке ие дегенде, сары мия сияқты өсімдіктен жасалған дәрілер бауыр ауруы, адам денесінің сарғаюы, өкпенің қабынуы, денеге түскен бөрту, қотырларды кетіруге көмектеседі. Ал, Қазақстанда кеңінен тараған қызыл мияны айтатын болсақ, ол дүние жүзіндегі кез-келген дәріге қосылады. Ол аллергияны кетіреді, дәрілердің аллергия беретін қасиетін жояды да, адам денесіне жағымды райларын келтіреді. Дәрінің өзі төрт рай,  5 дәмге бөлінеде. Cол 5 дәм, төрт райдағы дәрілердің барлығы өз жерімізден табуға болады. Мысалы, тіпті өзіміздің ауламызда көп өсімдіктер өсіп жатады. Бақабақ (авт. Орысшасы одуванчик) қабынуды жою, денеде пайда болған сулы ісіктерді кез-келген дәріден 3-4 есе тезірек кетіреді. Бірақ, оның мөлшерін біліп, пайдаланатын уақытын білу керекпіз. Осының өзін бірнеше ай ішкенде, бүкіл бауырды тазалап, көзді нұрландырып, көздегі дақтарды кетіреді. Осы бақабақ, күреңке (түймедақ) және рауағаштың тамырын қосып қайнатып көзімізді сүрсек, жанарымыздағы сарғаюды, дақтарды кетіреді. Айта берсек дәрілік шөптердің емдік қасиеті өте көп. Мысалы, даладағы жабайы сасырлар бүйрек ауруларына, жедел және созылмалы қабынуларына өте жақсы көмектеседі. Бұларды біз ары қарай зерттеп, дамытып, кең көлемде дәрілер жасап шығарсақ тіпті керемет болады. Қазақстанның даласы - қасиетті жер. 

Қазір күн суытты, қыс келе жатыр “ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде” деп қандай кеңес айтар едіңіз?

Қазір күннің суытуына байланысты тарқалмалы тұмаулар күшейеді. Оны алдын алу үшін:  жалбыз, түймедақ, көк шай үшеуін бұқтырып ішіп тұру керек. Бұл денедегі суықты шығарады. Үй жағдайында айран мен сорпаны тұнып тұрған кезде, кез-келген тұмауды болдырмайды. Қыста бүйректің тепе-теңдігін сақтау керек. Табаннан суық өткізіп алмай, бүйректі қуаттап тұратын өнімдерді пайдаланған дұрыс. Қазақ тұрмыстық өмірде, салт-дәстүрінде  бұлардың барлығын білген. Қыста ет жеп, жазда айран ішетіні керемет дағды. Жылқы етін жеп, сүт ішіп тұрған жағдайда көп аурулардың алдын алуға болады. Сергек болып, жұмысқа деген құлшынысын арттырады. 

Әңгімеңізге рақмет! Ісіңіз берекелі болсын!
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары