Күзден бастап қара металдар мен құрамында алтыны бар шикізатты шығаруға тыйым салу туралы шешім күшіне енбек.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Сонымен бірге мұнай секторындағы секілді 1 қазанға дейін төмен рентабельді тау-кен секторының кәсіпорындары үшін Пайдалы қазбаларды өндіру салығын төмендету ұсынылады. Қара металдар мен құрамында алтыны бар шикізатты шығаруға тыйым салу туралы 1 қыркүйектен бастап күшіне енетін шешім даярланды»,-деді Б. Сағынтаев.
Оның сөзіне қарағанда, осы арқылы ішкі тұтыну көлемі шикізатпен толық қамтамасыз етіледі. «Алтын бойынша 30 тоннаға дейін аффинажды алтынды шығару өнімін көтере аламыз»,-деді Б. Сағынтаев.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары мұнай-газ секторы бойынша мұнай өндіруді елеулі көлемде төмендетуге жол берілмейтіндігін жеткізді.
«Біз «Kazenergy» қауымдастығымен бірлесе мұнай-газ өндіруші 57 компанияға тыңғылықты талдау жасап, оның қорындысы бойынша төмен рентабельді 39-ы іріктелінді. Енді осы 39-ына қатысты Пайдалы қазбаларды өндіру салығын төмендету жоспарланып отыр»,-деді ол.