ҚР Ұлттық қорының активтері қыркүйек айында 1,4 миллиард долларға қысқарды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық қордың валюталық активтері айдың қорытындысы бойынша $1,4 млрд-қа төмендеп, қыркүйектің соңында $57,3 млрд болды.
Қыркүйекте 230 млрд теңге сомада бюджетке кепілді трансферттерді бөлу бойынша міндеттемелерді орындау үшін Ұлттық қордың валюталық активтерін шамамен $551 млн сомада сату Ұлттық қоры мөлшерінің төмендеу себебінің бірі болды.
Мұнайдың салыстырмалы түрде төмен бағасының сақталуы себебінен қорға валюталық түсім $43 млн ғана болды.
Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың қыркүйектегі валюта нарығындағы жағдай туралы негізгі тезистеріне көзжүгіртсек, 2020 жылы екінші тоқсанда басталған әлем нарықтарындағы қалпына келу бірінші тоқсанның теріс серпінін реттеді. Экономикалық белсенділіктің қалпына келуі және короновирустан жақын арада вакцина пайда болуы жөніндегі позитивтік күтулер аясында жетекші әлемдік индекстер пандемия басталғанға дейінгі мәндерге қайта оралды. Нәтижесінде, тамыздың соңындағы жағдай бойынша жылдың басынан бері Ұлттық қордың инвестициялық кірісі шамамен 2,3 млрд АҚШ доллары, ал оның кірістілігі 4,2%-ға жуық болды.
Алайда, COVID-19 екінші рет қайталануы жөнінде қауіптену қыркүйекте нарықты тағы да төмендетті, MSCI дамыған елдерінің ауқымды акциялар нарығының индексі 3,6%-ға түсті. АҚШ долларының нығаюына байланысты ауқымды мемлекеттік облигациялар портфелінің кірістілігі теріс кірістілікті ( – ) 0,68% көрсетті.
Нәтижесінде, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі қыркүйекте теріс болды және (-)$850 млн құрады. Қордың жалпы инвестициялық кірісі жыл басынан бастап оң болып қала береді және шамамен $1,5 млрд құрайды.