$ 444.22  476.38  4.82

Алматыда баршаға тегін мұз айдыны ашылмақ

Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент саябағының алдында 850 шаршы метрлік жаңа мұз айдыны салынуда. Ол алматылықтар мен қала қонақтары үшін тәулік бойы тегін жұмыс істейтін болады.

Қазіргі уақытта мұз айдынында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жақында оның салта­натты ашылу рәсімі өтеді. Айта кетсек, мұндай алаңдар қарашаның соңына дейін Жібек жолы – Абылай хан, әл-Фараби – Ремизовка, Жандосов – Шаймерденов көшелерінің қиылысында, «Март» сауда орталығының жанында және Жетісу ауданы әкімдігінің маңында ашылады.

– Ашық мұз айдынын жасау 10 күндей уақытты қажет етеді. Барлық қалаушылардың кез-келген уақытта өз конькилерімен келіп, тегін сырғанауға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, 10.00-23.00 уақыт аралығында келушілер үшін тамақтану дүкендері, конькилерді жалға алу орталықтары жұмыс істейді. Олардың бағасы да қолжетімді болады. Басқа мұз айдындарымен салыстырғанда арзан, конькиді 2 сағатқа жалға алу 500-600 теңгеден аспайды. Қазір мұздатқыш құрылғыларды күтудеміз, оны іске қосқан соң мұздатуды бастаймыз, - деді мұз айдындарының құрылысымен айналысатын Aksays Arena компаниясының жетекшісі Мұхамеджан Өсер.

Оның айтуынша, бұл мұз айдындары жаппай сырғанауға, шорт-трек, коньки тебу, мәнерлеп сырғанау сияқ­ты қысқы спорт түрлерін қала тұрғындары арасында дамытуға бағытталған. Тегін сырғанау алаңдары қыс мезгілінің соңына дейін жұмыс істейді.

Осы ретте айта кету керек, бұл биыл Алматыда ашылғалы жатқан алғашқы мұз алаңы емес. Өткен айда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Алмалы ауданында балалардың әмбебап спорттық алаңы ашылған болатын. Онда қысы бойы балалар сырғанақ теуіп, хоккей ойнаса, жаз бен көктемде футбол, баскетбол секілді спорт түрлерімен айналыса алады.

Әмбебап спорт алаңшасы Алматы қаласы әкімдігі мен Алмалы аудандық әкімдіктің бастамасымен салынған.  Ал, нысанның материалдық шығындарын меценат Валентин Прокопенко сатып әперіп, меценаттық көмек көрсетіпті.

Алдағы уақытта, спорттық аула алаңшасында әуесқой балаларға арналған хоккейден  тегін үйірмелер жұмыс істейді деп күтілуде.  Қазірдің өзінде Алмалы ауданының балаларынан аудандық команда құрылып үлгерді.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары