$ 448.15  483.46  4.86

Тәуелсіздік жетістігі: «Ордабасы» қой тұқымы

Оңтүстіктің мақтанышы – «Ордабасы» қой тұқымы оңтүстік ғалымдарының 21 жылдық еңбегінің жемісі. Қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойларын Еділбай және гиссар тұқымды қошқарлармен будандастыру арқылы дүниеге келген жоба 2012 жылы патенттелді. Бұл туралы ОҚО баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Тәуелсіздік жылдарында ОҚО агроөнеркәсіп кешенінің қарқынды дамып келеді. Мал шаруашылығы бұрын соңды болмаған етті және сүтті бағыттағы ІҚМ жаңа тұқымдарымен толықтырылуда.

Жаңа тұқымның ерекше белгілері – жоғары салмағы, ет шығымы және төмен мөлшердегі жүн түсімі. Ересек аталықтарының тірі салмағы 120 келіден асады. Ғалымдар бұл жобаны қолға алғалы 20 жылдан асыпты. Селекциялық жұмыстар үшін қылшық жүнді құйрықты қазақы қойлардың аналықтары мен Еділбай және гиссар тұқымды қошқарлар іріктелген. Будандарды өзара шағылыстыру арқылы алынған Ордабасы қойының төлі де өзі қатарлы қозылардан анағұрлым ірі. 4 айлық еркек марқаның салмағы 45 келіге дейін жетсе, ересек аталықтары 120 келіден аса ет береді екен.

Тағай ҚАНСЕЙІТОВ, бас ғылыми қызметкер:

- Асыл тұқымды қойдың бойында 50 пайыз қиссары қой тұқымының қошқарының қаны бар. 25 пайыз қазақтың жергілікті қылшық жүнді құйрықты қой тұқымының қаны бар. 25 пайыз Еділбай қойының үлесі бар. Бұның ерекшелігі өзі биік, жайылымдарға жарамды, тұяғы мықты. Салмағы ауыр, жүні аз.

Бүгінде облыста 70 мың бас «Ордабасы» қойы бар. Негізінен, бұл қой тұқымының басын көбейтуді Ордабасы, Қазығұрт, Сарыағаш, Отырар және Сайрам аудандарының шопандары мықтап қолға алған.

Мал шаруашылығы өнімінің қарқынды артуы негізінен өңірде 2014 жылы қабылданған «Мал шаруашылығын дамытудың «2014 – 2016 ж.ж. арналған іс-шаралар жоспарын» жүзеге асырудың арқасында қол жеткізілуде. Бағдарлама аясында 3 жыл ішінде 10 мың жобалар іске асырылып, нәтижесінде 8102 шағын мал бордақылау алаңдары, 1800 шағын отбасылық сүт фермалар, 104 сүт қабылдау бекеттері, сондай ақ 25 ауыл шаруашылық кооперативтері құрылды. Нәтижесінде, 9109 бірлік тұрақты жұмыс орындары ашылып, қосымша 34,5 мың тонна ет, 40,2 мың тонна сүт өндірілді. Бұл жобаларды іске асыру үшін 12,6 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары