Нұрлы жол 16.11.2016 сағат 08:09

ОҚО-да энергия үнемдеу бойынша жаңа бастама қолға алынды

Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен облыс әкімдігі және «Шымкент-цемент» АҚ арасында үш жақты келісім жасалды. ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығында іске асырылып отырған жоба өз кезегінде бес жыл ішінде энергия тұтынуды 15 пайызға азайтуға мүмкіндік беретін болады. Бұл туралы бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев хабарлады.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі, БҰҰ «Даму» бағдарламасының тұрақты өкілі Норимаса Шимомура бастаған делегатпен кездесті.

Делегация мүшелерімен болған жиында ҚР Үкіметі мен БҰҰ Бірлескен бағдарламаларын іске асыру барысындағы жасыл энергетика, қоршаған ортаны қорғау, өңірлік ынтымақтастық, аумақтық даму және тиімді басқару аясындағы жобалар жайы қаралды. Жоғарыда аталған жобалар бүгінде облыста жүзеге асырылып жатқанын айтқан әкім халықаралық деңгейде тәжірибесі мол ұйыммен әрбір бағыт бойынша бірлесе жұмыс жасап, одан әрі дамыту өңіріміз үшін тиімді болатынына сенім білдірді.

«Баламалы энергия саласын дамыту бағытында 27 жоба іріктеліп, 10 жоба нақты жүзеге асуда. Ал энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен облыс әкімдігі және «Шымкент-цемент» АҚ арасында үш жақты келісім жасалды. Бұл өз кезегінде бес жыл ішінде энергия тұтынуды 15 пайызға азайтуға мүмкіндік беретін болады»,-деді облыс әкімі.

Отырыста БҰҰ ДБ тұрақты өкілі Норимаса Шимомура қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы жобаларды жүзеге асыруда Қазақстан Үкіметі үлкен қолдау білдіріп отырғанын айтып, бүгінде бірқатар жобалар республика өңірлерінде сәтті іске асып жатқанын жеткізді.

«Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында жоғарыда аталған жобалар табысты жұмыс жасап келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды Оңтүстік өңірінде де іске асыруда бірлесе жұмыс жасауға ниеттіміз. Мәселен, Шымкент осы бесжылдық жоба аясында іріктеліп алынған 15 пилоттық қалалардың бірі болып табылады. Осындағы қала инфрақұрылымы мен тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және энергетика, көлік сынды жобаларды анықтауға, оларды әзірлеуге және іске асыруға жәрдемдесуге дайынбыз»,- деді Норимаса Шимомура.

Оңтүстік Қазақстан – халқы көп облыс болғандықтан аймақ басшысы, алдағы уақытта ұсынылған бағдарламалар бойынша тығыз байланыста жұмыс жасалатынына сенім білдірді.

Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген делегаттар облыстағы қолөнер орталығының жұмысымен танысып, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетімен бірлескен «БҰҰ еріктілер бағдарламасы» жастар форумына қатысады деп жоспарлануда.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар