$ 480.55  533.75  5.36

Шымкентте 312 тұрғын үй қолданысқа беріледі

Шымкентте ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойы аясында «Shymkent city» жобасы бойынша 312 тұрғын үй қолданысқа беріледі. Орталық аумағында бой түзеген алғашқы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуға жақын.

Шымкентте «Shymkent сity» жобасы бойынша өткізілген экскурсия кезінде қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров хабарлады.

«Shymkent city» – Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан Орта Азиядағы ең көне қаланың жаңа тарихи бейнесін айшықтайтын болады. Осы орайда, жергілікті БАҚ өкілдеріне «Тұран» шағынауданындағы ауқымды жобаның құрылыс барысымен таныстырған қала әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров заманауи тұрғын және іскерлік орталығына арнайы экскурсия ұйымдастырды. Пресс-турға қала әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюпов, қалалық мәслихат депутаттары қатысты.

Нұралхан Оралбайұлының айтуынша, жобаның жалпы аумағы 427 гектарды құрайды. Бүгінде мұнда инфрақұрылым тарту және жол салу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы саны 7 көше бойына аяқжолдар мен веложол жолақтарын салу қарастырылған. Яғни, мұндағы жолдардың орташа ені 3,5–4 метрге, ал жер полотносының ені 40–50 метрге жетеді.

– Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстарын толығымен аяқтау үшін бюджеттен 6,7 млрд теңге қаржы бөлінген. Биыл ондағы 1,9 млрд теңге қаржысы игерілді. Яғни, бұл жұмыстарды 2017 жылы аяқтау көзделуде, – дейді Н. Көшеров.

Бұдан бөлек, орталық аумағында бой түзеген алғашқы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы да аяқталуға жақын. 9, 12, 16 қабаттан тұратын жалпы саны 316 тұрғын үй ғимараты келер жылдың соңына қарай пайдалануға беріле бастамақ. Қуантарлығы, мұндағы пәтерлерге азаматтар «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы қол жеткізе алады.

Пресс-турға қатысушылар ең алдымен, бірінші көше бойындағы жұмыстарды зерделеді. Мұндағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстарын «Шымкентдорстрой» ЖШС-і жүргізуде. Өткен жылдың маусым айында басталған ауқымды жұмыстар 2017 жылдың соңына дейін толығымен аяқталуы тиіс. Жобаның сметалық құны 417 миллион теңгеге жуықтайды.

– Көше бойының жалпы ұзындығы 1538 метрді құрайды. 4 жүру жолағы салынады. Биыл қаралған қаржының 131 миллион теңгесі игерілді, – дейді сала мамандары.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары