$ 444.14  477.05  4.85

ОҚО-дағы транзиттік жолдар тәуелсіздіктің тағы бір жемісі

Оңтүстік Қазақстанда Тәуелсіздік жылдары транзиттік мүмкіндіктерді кеңейтетін автомобиль жолдары салынған. ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұт осылай деп мәлімдеді.

1999 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мақтарал ауданы мен Шымкент қаласын қосатын және республиканың басқа да аймақтарына шығатын ұзындығы 53 шақырымдық жолдың құрылысы салынды. Қызыләскер-Киров бағыты 2001 жылы пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 2009-2013 жылдар аралығында Арыс қаласындағы облыстық маңызы бар 36 шақырымдық автомобиль жолы қалпына келтірілген.

Осы жылдар ішінде Бәйдібек ауданындағы Қошқар ата - Кеңсай - Жамбыл облысының шекарасы жолының 15,8 км мен Шардара қаласындағы Сырдария өзенінің екі жағалауын қосатын көпір және Отырар ауданындағы Балтакөл елді мекені мен Түркістанды қосатын көпірдің құрылыстары жүргізілген.

Брифингте басқарма басшысы Оңтүстіктегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 20 987,3 км құрайтындығын айтты. Осы жолдардың 786 шақырымы республикалық маңызға ие.  Ал, 4 330,3 шақырымы облыстық маңызы бар жолдар болып отыр.

«Президент пәрменімен елімізде «Жол картасы» бағдарламасы іске асырылып, жергілікті маңызы бар жолдардың қанағатты жағдайдағы үлесі көбейген, тозығы жеткен жолдар қайта жаңартылды. Яғни, бағдарлама аясында жергілікті маңызы бар 1 511,8 км автомобиль жолдары мен 15 жасанды имараттар жөндеуден өткен», -деді Н.Байғұт.

Жалпы 2000-2015 жылдары облыс жолдарына 151 млрд. теңге бөлініп, 9 176,5 км жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде, 100 көпірдің жөндеу жұмыстары және 45 көпірдің құрылысы жүргізілді. Осы жұмыстар кезінде тек үлкен, күретамыр жолдар ғана істеліп қойған жоқ. Оңтүстіктің барлық елді-мекендеріндегі ішкі жолдар қалпына келтірілген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары