Қазақстан Республикасы Президентінің архиві киелі Түркістан қаласына табан тіреді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен халықаралық ЮНЕСКО ұйымының тарапынан 2016 жыл «Қ.А.Ясауи жылы» болып жариялануына орай тарихи- құжаттық көрме мен дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Шараға Президент архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Б.Жапаров, Түркістан қаласы әкімі Әліпбек Өсербаев, қала әкімінің орынбасары Ғ.Рысбеков және шаһардағы жоғары, орта арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты. Жиында сөз алған Президент архивінің директоры Б.Жапаров:
«Біздің негізгі шараларымыз Алматы, Астана қалаларында өткізіледі. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына жоспарланған шаралар өз кезегімен орындалып келеді. Түркістанда өткізіліп жатқан бұл жиын өңірлердегі екінші үлкен шара. Мұнда жиылғандардың дені жастар болғандықтан, оларға Елбасының салиқалы саясатының арқасында жасалып жатқан игі істерді білсін, түсінсін деген мақсатты айтқым келеді. Сонымен бірге Түркістан жұртшылығына Президент архивіндегі деректерді таныстыру да біздің негізгі жұмыстарымыз болып саналады. Тәуелсіздіктің беріп отырған мүмкіндігін пайдаланып жастар барынша жұмыс жасаса, алынбайтын асу болмайды »,- деп атап өтті.
Сондай-ақ ол Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ- түрік университетінің тарих мамандығында оқитын студенттерді Астанада өндірістік тәжірибеден өтуге шақырды. Қазақстан Республикасы Президенті архивіне сақтауға алынған саяси биліктің, қоғамдық ұйымдар мен партиялардың, қозғалыстардың қорларындағы 1991-2011 жылдардағы құжаттар Қазақстанның жүріп өткен жолы мен егемендігінің еңселі кезеңдерін нақты көрсетеді.