$ 442.05  474.14  4.74

«Ғасырға тең жылдар» атты өнер фестивалі шымылдығын түрді

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шаралар еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасып жатыр. Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Шұбар ауыл округінде «Ғасырға тең жылдар» атты өнер фестивалі басталды.

Шымылдығын түрілген шарада қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен «Ақмешіт» тарихи кесенесінің жәдігерлерінен көрме жасақталып, қонақтар назарына ұсынылды. Дәл осы күні Тоқсансай ауылының тұрғындары, егіздер Алтыбай Асан мен Үсеннің бір үйдің егіз қыздары Фатима мен Зәуреге үйленгендеріне 25 жыл толып отыр. Шара аясында той иелеріне аудан әкімінің алғыс хаты табысталды. Сонымен қатар, ауданның дамуына үлес қосқан азаматтар ерекше құрмет көрсетілді. Соның ішінде  Шұбар ауыл округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен Тәуелсіздік құрдастары да марапатталды.

«Жылдан жылға Қазақстан қарыштап дамып, барлық салада айтарлықтай жетістіктер бар. Ордабасы ауданы да бұл тұрғыда көшін ілгері түзеп, атырабымызда атакәсіпті тастамай, сонымен жанбағып, елдің, ауылдың гүлденуі жолында еңбек сіңірген азаматтарымыз жетерлік. Олар қашан да мақтауға тұрарлық. Тәуелсіздік ынтымақ, бірлікпен ғана тұғырлы болмақ. Қуаныш құтты болсын!»-деді аудан әкімі А.Мамытбеков.

"Балауса", "Аяна" балабақшаларының сүп-сүйкімді бүлдіршіндері де ән мен жырдан тарту жасап, жиынның сәнін кіргізді. Тәуелсіздік жетістіктерін ақындар жырға қосса, әншілер Отанға деген сүйіспеншіліктерін әнмен әрледі. Үлкен-кіші еліміздің өткені мен бүгінгісі жайында шүйіркелесуге де уақыт тапқан жұртшылық шараны соңына дейін тамашалады. Шат-шадыман күйге оранған олар кештен көңілді тарқасты. Бұдан тәуелсіз елдің әрбір күні шырайлы, халқының жүзі жарық, ертеңге деген сенімдері нық екенін байқауға болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары