$ 444.14  477.05  4.85

«Табиғатты аялайық» тақырыбында семинар-тренинг өтті

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесіне орай, Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданы Шаян көпсалалы лицей мектебінде экологиялық сауаттылықты арттыру мақсатында «Табиғатты аялайық» тақырыбында облыстық семинар-тренинг өтті. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Семинарға ОҚО-дағы Арыс, Бәйдібек, Ордабасы, Созақ аудандарынан биология, дүниетану пәндерінің мұғалімдері, сонымен қатар, облыстық экологиялық орталықтың директоры Ұлжан Қамытбекова қатысып, мектептің тыныс-тіршілігімен танысты.

Мектеп директоры Әуелбекова Айнұр семинарды ашып, бүгінгі өтіп отырған семинардың маңыздылығына тоқталды. Семинар-тренингтің негізгі мақсаты ауданымыздан «Қызыл кітапқа» енген аң-кұстарды, өсімдіктерді таныстыру, өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына табиғатты қорғау мен аялауды  түсіндіру екендігін атап өтті.

Келген қонақтар сыныптарда өтіп жатқан «Мектеп оқушыларының  экологиялық сауаттылығын арттыра отырып, табиғатты қорғауға үйрету» тақырыбындағы ашық сабақтарға қатысып, күздің кереметтерінен ұйымдастырылған көрмемен танысты.

Айта кетейік, биыл Оңтүстік Қазақстан облысында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бірқатар маңызды шаралар өткізілді. Құқық қорғаушылардың браконьерлерге қарсы жүргізген рейдтік шараларын айтпағанда, жас экологтардың басқосулары, пікірсайыстары жиі өтіп отырды. Ал, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында табиғатты аялауға бағытталған сенбіліктер, көгалдандыру жұмыстары жиілеп отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары