$ 443.85  474.3  4.8

Тамыры мықты ағашты дауыл алмайды

Алып бәйтеректiң еңселi бойын тiктеп, алапат дауылдарға мiз бақтырмай өзiнiң салмақты да байсалды қалпын сақтап, сансыз жапырақтары самал желмен үнсiз ғана сыбдыр қағып тұруы тереңге тартқан тамырына байланысты. Сол секiлдi, Қазақстан замана желi қалай құбылса да ешқашан майыспаған, сынбаған алып бәйтерек болса, жерден нәр алып, жылдың төрт мезгiлiнде де жайқалтып тұрған тамырлары оның өңiрлерi.

Қазақстан мен облыстар тұтас бiр ағза секiлдi. Егер мүшелерi сау болса, демек, ағза да ауру-сырқаудан аман болады. Сондықтан мемлекет пен оның өңiрлерi бiр-бiрiнен ажырағысыз ұғымдар. Өңiр дамыса, өркендесе, Қазақстан да гүлденедi. Бұл қағиданы басшылыққа алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елiмiздiң бүкiл тапқан табысын ауыл-аймақтың, қалалардың жағдайын жақсартуға жұмсап келе жатқанын бүгiнгi кешiп жатқан мамыражай күйiмiзден бiле аламыз. Мәселен, Оңтүстiк Қазақстан облысындағы елдi мекендердiң, қалалардың ажары 25 жылда адам танымастай кейiпке өзгердi десек, қателеспеймiз. Қазiр ауыл тұрғындарының көпшiлiгi табиғи газдың арқасында бұрынғыдай үйiн жылыту үшiн көмiр, тезек жағып, күл шығарып әуреге түспейтiн болды. Орталықтандырылған құбыр арқылы таза ауызсу қаншама үйдiң есiгiнiң алдына келiп тұр. Елдi мекендердi бiр-бiрiмен жалғап жатқан баяғы асфальт көрмеген немесе ойдым-ойдым iшкi жолдар бүгiнде жөнделiп, тақтайдай тегiс жолға айналды. Жыл сайын баспанаға мұқтаж халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында мыңдаған шаршы метр көпқабатты үй пайдалануға берiлуде. Кезiнде тiршiлiгi қайнаған, кейiн Кеңес одағының тарауымен өндiрiсi тоқтап, қаңырап қалған шағын қалалар қазiр қайта гүлденiп келедi. Шағын шаһардың ахуалын жақсарту үшiн мемлекет кәсiпкерлерге пайызы төмен несиелер ұсыну секiлдi көптеген жеңiлдiктер қарастыруда.

Өңiрлердi дамытудың тәсiлi ретiнде Мемлекет басшысының бастамасымен сәулесiн жан-жаққа шашқан күн нұры секiлдi елордамыз Астанадан өңiрлерге бағыт алған темiржол, автомобиль, әуе, жолдарын өркендету стратегиясы қабылданды. Яғни бұл стратегия көлiк инфрақұрылымын жақсарту арқылы өңiрлердiң Астанамен және бiр-бiрiмен байланысын күшейтудi көздейдi.

Оңтүстiк Қазақстан облысының елiмiздiң өркендеуiне қосқан үлесi туралы бiраз нәрсе айтуға болады. Мәселен, республиканы жемiс-жидек, көкөнiспен, бақша дақылдарымен қамтамасыз етiп отырған негiзiнен бiздiң өңiр. Мақта талшығы жүз пайыз тек Оңтүстiкте өндiрiледi. Жер асты қазба байлығы – уранның басты қоры бiздiң облыста шоғырланған. Фармацевтика, жеңiл өнеркәсiп өнiмдерi жергiлiктi нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етiп қана қойған жоқ, сонымен бiрге шетел нарығына жөнелтiлiп, ел қазынасын толтыруға үлес қосуда.

Республика кәсiпкерлерi Оңтүстiк өңiрiнiң iскер азаматтарына қарап бой түзейдi. Себебi, бiздiң кәсiпкерлер жаңашыл бастамаларды қолға алу мен белсендiлiк жөнiнен алдына жан салдырмайды. Кәсiпкерлерге қызмет көрсету орталығы тұңғыш рет Шымкентте ашылып, оның тиiмдiлiгiне көз жеткiзген өзге өңiрлер бiздiң тәжiрибемiздi ерекше ықыласпен қолдануда. Шаруаларды қолдауға бағытталған «Оңтүстiк» аймақтық-инвестициялық орталығы – бiздiң облыста ғана қызметiн жүзеге асырып жатқан қаржы ұйымы.

Қорыта айтқанда, Тәуелсiздiктiң 25 жылында елiмiз тұтас ғасырға жүк боларлық жетiстiктерге жеттi. Ал, осы табыстардың бәрi де өңiрлердiң егемендiктi баянды ету жолындағы қажырлы еңбегiнiң арқасы екенi белгiлi.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары