$ 448.89  477.93  4.76

Бiлiмдi ұрпақ – жарқын болашақ кепiлi

Хакiм Абайдың мынадай бiр сөзi бар: «Балаң бiлiмдi, парасатты болсын десең, малыңды аяма» деген. Елбасы Н.Назарбаев та «ең тиiмдi инвестиция – баланың болашағына салынған инвестиция» деп айтқан. Егемендiктiң ширек ғасырында қаншама мектептер салынып, балабақшалар ашылды. Сондай-ақ, Президенттiң жүргiзген салиқалы саясатының арқасында елдiң әлеуметтiк жағдайы тәуелсiздiкке қол жеткiзген 25 жыл iшiнде күрт өзгердi. Оны әркiм бүгiнде тұрмыстың аз уақытта қалай түзелгенiнен-ақ байқай алады.

Солай демекшi, облыстың бiлiм саласына да мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар көрсетiлуде. Одан Отырар ауданы да құралақан емес-тi. Мәселен, биыл осы мақсатқа сәйкес бiздiң аймаққа 4,7 млрд. теңге бөлiндi. Бұл қомақты қаражат ауданның бiр ғана бiлiм саласының еншiсiне берiлiп отыр.  Жалпы, Отырар ауданында 40 мектеп бар. Олардың 27-сi типтiк болса, қалғаны ыңғайластырылған бiлiм ошақтары. Мектептердiң тең жартысында оқушылар бiр ауысымда оқиды. Бiлiмге деген қамқорлық пен қолдаудың арқасында ауданда апатты немесе үш ауысымды бiрде-бiр мектеп жоқ.

Биыл Абай атындағы орта мектеп күрделi жөндеуден өткiзiлдi. Осы мақсатқа орай облыстық бюджеттен 89,8 млн. теңге жұмсалды. Құрылысты жүргiзген – «МЕРЕЙ & LTD» мердiгер компаниясы.

2016–2017 оқу жылында оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету үшiн аудандық бюджеттен 40,6 млн., облыстық қазынадан 1 233,4 мың теңге қаралып, 4 161 оқушының барлығы түгел оқулықтарға қол жеткiздi.

Оқушыларға қазiргi заман талабына сай бiлiм беру үшiн мектептер кең жолақты интернетке және онлайн режимiндегi жүйеге қосылған. Сынып бөлмелерiнiң көпшiлiгi интерактивтi тақтамен және мультимедиялық құралдармен жабдықталған. Қазiргi таңда аудандағы бiлiм ұяларында 1275 компьютер бар. Оқушыларды компьютермен қамтамасыз ету тапсырмасы Отырарда 105 пайызға орындалды.

2015–2016 оқу жылында Ұлттық бiрыңғай тестiлеуге 553 оқушы қатысты. ҰБТ қорытындысы бойынша жалпы орта балл 79,47-нi құрады. Бұл көрсеткiш өткен жылмен салыстырғанда 0,26 балға артып, облыс бойынша 7-орынды иемденуге мүмкiндiк бердi.

Мектеп асханаларын қолға алу iсi де өз шешiмiн тауып келедi. Соның бiр айғағы, 25 жалпы орта мектептiң асханасында бүгiнде ыстық тамақ әзiрленедi. 14 бiлiм ошағының асханасына жалпы құны 5,3 млн. теңгеге тоңазытқыш, электр пештерi, үстелдер және өзге де құрал-жабдықтар сатып алу үшiн портал арқылы мемлекеттiк сатып алу ресiмi жүргiзiлдi.

Аз қамтамасыз етiлген отбасыдан шыққан 1306 оқушы мiндеттi оқу қоры есебiнен тамақтануда. Биыл осы қордан оқушыларға мектеп формасын, қысқы киiм-кешек және оқулықтар әперу үшiн 3,7 млн. теңге қарастырылды. Ал, «Мектеп сүтi» бағдарламасы аясында 3 852  бастауыш сынып оқушысына таңертең тегiн сүт берiледi. 

Ауданда 38 балабақша бар. Мектепке дейiнгi мекемелерде бүгiнде 2195 бүлдiршiн тәрбиеленуде. Жалпы, 3–6 жастағы балалардың 84 пайызы балабақшамен қамтылған. Көрсеткiштi жоғарылату бойынша тиiстi жұмыстар жүргiзiлуде.

Жанат МҰСАТАЕВА, Отырар аудандық бiлiм бөлiмiнiң басшысы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары