$ 443.85  474.3  4.8

Шымкенттiктер тағы да таң қалдырды

«Не шықса да Шымкенттен шығады» деп әзiл-шынын араластыра айтып жатады сырт жұрт. Бұл рас. Әсiресе, елдi таңырқатар, таң қалдырар дүниелер, жаңалықтар, оқиғалар қашан да бiз жақтан шығып жатады. Дәл қазiр ғаламтордағы әлеуметтiк желiлер мен қалта телефонының WhatsApp қосымшасын Шымкенттiң темiржол вокзалында өткен флешмоб видеосы «кезiп» жүр. Бұл бiз көрiп жүргендей би-флешмоб емес, күй-флешмоб. Оны жүзеге асырған – Шәмшi Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әртiстерi.

Вокзалда олар сахна киiмiнсiз өнер көрсеткен. Тыңдармандары – концертке не мерекеге жиналған қауым емес, вокзалдағы жолаушылар мен күтiп алушылар, сол маңнан нәпақа тауып, отбасын асыраудың қамымен жүрген қарапайым адамдар. 

Көрiнiс вокзалдың кiреберiсiндегi баспалдақта екi барабаншының ойынынан басталған. Бiртiндеп оларға домбырашы, қобызшы, виоленчельшiлер қосыла бередi. Бәрi дерлiк жиналған сәтте олар күй атасы – Құрманғазы бабамыздың «Сарыарқа» күйiн тарта жөнеледi.

Бейнероликтен көргенiмiздей, алғашқыда екi барабаншы өнерлерiн бастаған кезде, сол маңайдағы жұрт  түкке түсiнбей, абдырап қалған. Ал, күй ойнала бастағанда көпшiлiгi бұрылып келiп, қатарға тұра қалып тыңдаған. Кейбiрi, тiптi, қалта телефондарын алып түсiре бастаған. Флешмоб «Жерiм менiң» әнiмен аяқталған.  Бұл жерде бәрi шынайы.  Ешбiр дубльсiз, дайындықсыз түсiрiлген. Жиылғандардың  көңiл-күйi, кiп-кiшкентай балақайдың түкке түсiнбей, жан-жағына таңырқай қарағаны да қаз-қалпында берiлген.

Ұжым бейнероликке «Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына шымкенттiктердiң тартуы» деген ат берген.  Филармонияның Фейсбук әлеуметтiк желiсiндегi парақшасында  флешмоб  видеосы 15 қараша күнi  жүктелген. Бiр аптаға жетер-жетпес уақытта оны 72 мың қолданушы тамашалап, 3300-ге жуығы  өз парақшаларында бөлiскен, 2700-дей адам пiкiр жазған. Шымкенттiк әртiстердiң өнерiн желi қолданушылары өте жоғары бағалауда. 

Олар осындай үрдiстi дәстүрге айналдырып, елiмiздiң барлық қалаларында көпшiлiк жиналатын орындарда тегiн өткiзудi, сол арқылы халықтың рухани талғамын көтерудi ұсынып, ұйымдастырушыларға және идея авторларына ризашылықтарын жеткiзген.

«Бұл үрдiс халықтың тiлi мен мәдениетiнiң жетiлiп, өркендеуiне әсер етедi. Ұлттық рухтың оянуына ықпал жасайды. Көрермендi қуанышқа бөлейдi» деген олар шымкенттiктердiң өздерiн тағы да таң қалдырғанын  айтуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Кентаулықтар белсендi
Келесі жаңалық
«Ұлы дала ұрпақтары»