$ 448.15  483.46  4.86

Жұлдызды 25 күн

Шымкент. «Жұлдызды 25 күн» акциясына үн қосқан Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлiк мектебiнiң оқушылары «Зияткер ұлт» флэшмобын өткiздi.

Оқушылар қала тұрғындары мен қонақтарын Тәуелсiздiгiмiздiң 25 жылдық мерекесiмен құттықтады. «Шымкент плаза» сауда және ойын-сауық орталығында ұйымдастырылған iс-шараға 250-ден астам оқушы қатысты. Аталған бiлiм ұясының ұжымы акцияда белгiленген 25 күннiң бәрiне үлкен дайындықпен келiп, мерекенi мерейлендiре түскенiн айта кеткен жөн.

Халықаралық көрме насихатталды

Түлкiбас. Аудандық кәсiпкерлiк бөлiмiнiң ұйымдастыруымен «EXPO-2017» халықаралық көрмесi жайында ақпаратпен бөлiсу және көрменi насихаттау бағытында «дөңгелек үстел» мәжiлiсi өткiзiлдi. Жиынға Түлкiбас ауданы әкiмiнiң орынбасары М.Жанесен, кәсiпкерлiк бөлiмiнiң басшысы А.Жабағы, «Атамекен» ҰКП Түлкiбас аудандық филиалының директоры М.Байғарашев және кәсiпкерлер қатысты.

Мерекелiк iс-шаралар мұғалiмдердiң аймақтық семинары және спорттық сайыстармен жалғасын тапты. Аудандық денешынықтыру және спорт бөлiмi өткiзген «Бiз Тәуелсiз Қазақстанмен мақтанамыз!» атты шағын футбол турнирiнде мемлекеттiк қызметшiлер сынға түстi. Нәтижесiнде бiрiншi орынды iшкi iстер бөлiмiнiң жiгiттерi еншiлесе, екiншi орын төтенше жағдайлар бөлiмiнiң командасына бұйырды. Үшiншi орынды аудандық iшкi саясат бөлiмi жеңiп алды.

Автокеруен жолға шықты

Отырар. «Жұлдызды 25 күн» акциясы шеңберiнде ауданда «ЭКСПО жасыл технологиялары» күнi аталып өтiлдi. Аққұм ауылында «ЭКСПО – 2017» көрмесiнiң мақсаттары мен мiндеттерi» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжiлiсi өттi.

Сонымен қатар, ауданда «ЭКСПО – 2017 – болашақ бағдары» атты ақпараттық автокеруен жолға шықты. Салтанатты жиынға аудан әкiмi Ерлан Айтаханов қатысып, көпшiлiктi құттықтады.

– Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесiнiң маршрутына Жiбек жолы бойында орналасқан бiздiң аудан да енгiзiлген. Киелi Арыстанбаб пен тарихи Отырартөбе тарихына қызығушылардың көп болатыны белгiлi. Келетiн туристерге мiнсiз қызмет көрсету – бiздiң мiндетiмiз. Көрменiң басты мақсаты – баламалы энергия көздерiн пайдалану. Ауданымызға кiреберiстегi бас қақпа күн энергиясымен жарықтанады. Жiбек жолы даңғылы бойындағы түнгi шамдар да күн сәулесiнен қуат алатын болады. Келесi жылдан бастап Көксарай ауылында күннен қуат алатын үлкен станса құрылысы басталады. Ол бар қуатымен iске қосылғанда бiздiң ғана емес, көршiлес бiрнеше ауданды энергиямен қамтамасыз етедi, – дедi аудан әкiмi.

Арнайы баннерлермен безендiрiлген автокеруен аудан орталығынан Арыстанбабты бетке алып, одан әрi сапарын тарихи Отырартөбеде жалғастырды.

Патриоттық кештер өттi

Арыс. «Ұлы дала елi – Тәуелсiздiктiң 25 негiзi» атты iс-шара аясында қалалық №2 бастауыш мектебiнде «Бiз – Тәуелсiз Қазақстанның болашағымыз!» тақырыбында патриоттық кеш өттi.

Қазақстанның тарихы туралы зердемiздi қайта парақтап, жаңаша ой түйiндеу, жас ұрпақты отансүйгiштiкке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында өткен кешке оқушылар белсене қатысты. Аталған кеште оқушылар Тәуелсiздiк және Отан тақырыптарында өлеңдер оқып, патриоттық әндер шырқады.

Сонымен қатар аудандық мәдениет үйiнде ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына арналған мерекелiк шара өттi. Жиынға қатысушылар Арыс қаласының 1991-2016 жылдар аралығында жеткен жетiстiктерi туралы көрменi тамашалады. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлiгi, Ақпарат комитетiнiң төрайымы Нұргүл Өсербайқызы мен қала әкiмi Мұрат Қадырбек қала тұрғындарын мерекемен құттықтады. Елiмiздiң өркендеуiне үлес қосып жүрген бiрқатар азаматтарға қала әкiмiнiң Алғыс хаттарын тапсырды. Кеш қалалық мәдениет үйiнiң өнерпаздары ұйымдастырған концерттiк бағдарламаға ұласты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары