$ 447.4  477.55  4.76

Тәуелсiздiк тойына тартулар

Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай облысымыздың аудан, қалаларында мерекелiк iс-шаралар қарқын алуда. Аймақтардағы меншiктi тiлшiлерiмiз ел мерейiн тасытқан маңызды оқиғалардың бiрқатарын оқырман назарына ұсынып отыр.

ТӨЛЕБИ

Сазгермен сырлы сұхбат

Ленгiр қаласы «Мейiр-Бейс» медициналық колледжiнде қоғам қайраткерi, ақын-сазгер Әкiм Ысқақпен кездесу өттi. Ақын-сазгер жастарға сөз қадiрiн түсiне бiлу керектiгi жөнiнде әңгiмеледi.

Жастар ақынның сырға толы өлеңдерiн оқып, әндерiн шырқап, бiр қанаттанып қалды. Кездесу соңында кеш иесi белсендi жастарға кiтаптарын таратып, кездесудi ұйымдастырушыларға алғысын бiлдiрдi.

Жастарға ой толғады

Ленгiр қаласында облыстық жастар саясаты мәселелерi басқармасы және «Жалын» жастар ұйымы қоғамдық бiрлестiгiнiң ұйымдастыруымен «Жастарға ой толғаймын» тақырыбымен белгiлi айтыскер ақын Ақмарал Леубаевамен кездесу өттi. Онда ақын жастарға Отанның шынайы патриоты болу үшiн қиындықтардан қайыспай еңбек ете бiлу керектiгiн айта келiп, рухани және мәдени құндылықтарды көзiнiң қарашығындай сақтау бүгiнгi буынның мiндетi екенiне тоқталды.

Жастарды рухани нәрмен сусындатқан ақын-сазгер Ақмарал Леубаева өзi де ән салып, жас таланттардың өнерiн тамашалады.

«Алтын жүрек» акциясы өттi

Аудандық мәдениет үйiнде Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай «Алтын жүрек» қайырымдылық акциясы өттi. Шараны аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық емхананың бас дәрiгерi Данияр Айтбаев пен емхана ұжымы ұйымдастырды.

Адам мейiрiмiнен нәр алып, шапағатына бөленiп өскен бала ержеткенде сол шуақты айналасына төгедi. Осыны назарда ұстаған емхана ұжымы ауданның түкпiр-түкпiрiнен жиналған 60 балаға қыстық сырт киiмдер сыйлады. Осы шара барысында емхана қызметкерлерiнiң 70 баласы да шақырылды. Олар да акциядан құралақан қайтпады.

Игi iске 1 миллион теңге жұмсалды. Шара соңында балалар облыстық қуыршақ театрының қойылымдары мен цирк өнерiн тамашалады. «Қайырымдылық – даналықтың өзi» демекшi, емхана ұжымының бұл iс-шарасы көпке үлгi болары анық.

15 мың шабақ жiберiлмек

Баға бiлсең, балық та – байлық. Осыны жете түсiнген Алатау ауылдық округiнiң жеке кәсiпкерi И.Жұмадинова балық шаруашылығын дамытуды қолға алды.

Шағын қожалықтың құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Қауыздарға африкалық жайын шабақтары жiберiле бастады. Кәсiпкер қауызға 15 мың шабақ жiберiледi деп отыр. Мемлекеттен 8 миллион теңге несие алған ол еткен еңбегiнiң қайтарымы мол боларына сенiмдi.

«Мәңгiлiк ел» форумы өттi

Аудандық мәдениет үйiнде «Мәңгiлiк Ел» атты жастар форумы өттi. Форум 170 адамнан құрылған би қойылымымен басталды.

 Биден кейiн жастар мен ел ағалары жастардың арманы асқақ, мерейi үстем болсын деген ниетпен әуе шарларын ұшырды. Форум аудандық мәдениет үйiнде жалғасын тапты. Аудан әкiмi Б.Пармановтың құттықтау сөзiнен кейiн жастар сөз алды. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген жастар марапатталып, соңы концерттiк бағдарламаға ұласты.

Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ұжымының өнерiне келушiлер ризашылықтарын жеткiздi. 

ОРДАБАСЫ

Әзiлкештер күлкiмен әлдендiрдi

Жас ұстаздар «Тәуелсiздiк – тiрегiм» тақырыбында көңiлдi тапқырлар сайысын өткiздi. Көрермен қауымның жүрегiне жол таба бiлген ұстаздар ел егемендiгiн ұлықтай отырып, күнделiктi кездесетiн кейбiр келеңсiздiктердi әдемi әзiлмен жеткiзе бiлдi.

Аудан әкiмi А.Мамытбеков жайдарманшыларға сәттiлiк тiлеп, көпшiлiктi мерекемен құттықтады. Ауданның 25 жылда жеткен жетiстiктерiне тоқталып, ұстаздардың еңбегiне жемiс тiледi.

Сайыстың соңында қажымұқандық «ОҚҚ» командасы – бiрiншi, бадамдық «Серпiн» – екiншi, шұбарсулық «Айхай-25» командасы – үшiншi орынды иелендi. «Қараспан – КZ» және «Төрткүл тарландары» белсендiлiгi үшiн аудан әкiмiнiң грамотасымен марапатталды.

«Денi сау ұрпақ – жарқын болашақ»

Ордабасы аудандық емханасы мен әйелдер кеңесiнiң ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай «Денi сау ұрпақ – жарқын болашақ» атты «дөңгелек үстел» мәжiлiсi өттi. Оған мекеме қызметкерлерiмен қатар алдағы айда босанатын жүктi әйелдер де қатысты.

Ауданда бүгiнде 4 ауылдық, 12 дәрiгерлiк емхана, 21 фельдшерлiк-акушерлiк, 18 медициналық бекет 117 мыңға жуық тұрғынға медициналық көмек көрсетуде. Оның iшiнде 55815 әйелдiң 23592-сi босану жасында. 41023 жеткiншек болса, оның 3746-сы бiр жасқа дейiнгiлер. Жоғарыдағы мекемелерде 149 дәрiгер, 539 орта буынды медициналық қызметкер халыққа қызмет көрсетуде. Мәжiлiсте әйелдердiң босануға дейiнгi және кейiнгi күтiмi жөнiнде кеңiнен сөз болды. Бiлiктi маман, балалар дәрiгерi Г.Юсупова дүние есiгiн ашқан бөбек үшiн тазалықтың, таза ауаның маңызы ерекше екенiне назар аударды.

 Жиын соңында болашақ аналарға бала күтiмi жөнiнде шағын кiтапшалар таратылды. Медицина қызметкерлерi ана туралы әндер шырқап, өз өнерлерiн ұсынды.

ҚАЗЫҒҰРТ

«Ырыс алды – ынтымақ»

Жаңабазар ауылындағы «Ардагерлер үйiнде» «Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына – 25 игi шара» аясында аудандық «Ырыс алды – ынтымақ» форумы өттi. Онда аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы А.Омаров жастар тәрбиесi тақырыбында баяндама жасады.

Ауыл жастарының iшiмдiкке, құмар ойындарға әуестенуi, кәсiпкерлiкпен айналысуға енжарлық танытуы, ұсақ қылмыстарға баруы, әскери борышын өтеуге ықыласты еместiгi, жасөспiрiмдердiң өз-өзiне қол жұмсауы, жас отбасылардың шаңырағының шайқалып, некелерiнiң бұзылуы жөнiнде жан-жақты әңгiме болды.

Еңбек ардагерлерi Р.Жамашов, Л.Рысынов жастар тәрбиесi жөнiнде көкейде жүрген ойларымен бөлiстi.

Форумды аудан әкiмiнiң орынбасары С.Тұрсынқұлов қорытты.

Қосағаштықтардың қуанышы

Қосағаш елдi мекенiнде жаңа көпiр пайдалануға берiлдi. Бұл – аудан көлемiнде тәуелсiздiк жылдары салынған сегiзiншi көпiр. Бiраз жылдардан берi орталық пен Қосағаш ауылын қосатын көпiрдiң болмауынан Қаржан өзенiнен өту мұң болатын.

Мiне, биыл сол көпiрдi салудың сәтi түстi. Облыстық бюджеттен 126,5 млн. теңге бөлiндi. «Арсенал-Юг» серiктестiгi көпiрдi белгiленген мерзiмде ел игiлiгiне ұсынып отыр. Көпiрдiң ұзындығы – 90 метр, енi – 8 метр.

Ашылу салтанатына аудан әкiмi Т.Телғараев қатысып, көпiр салуға атсалысқан ауыл азаматтарына, құрылысшыларға алғысын бiлдiрдi.

Жемiс көшеттерi будандастырылуда

Аудандағы «Жасыл желек» мемлекеттiк мекемесi өткен жылы облыс әкiмiнiң ұсынысы бойынша Шымкент қаласын көгалдандыруға 1 200 000 дана көшеттi өтеусiз берген болатын. Биыл тегiн берiлген көшет саны 3 миллионнан асып жығылады. Мекемеде көшеттiң 45-тен астам сұрпы, оның iшiнде саялы, жаңғақ тұқымдас ағаштар мен жемiс-жидектердiң сан түрi өсiрiлуде.

Қазiр жемiс ағаштарының жас өскiндерiн будандастыру жұмыстары жүрiп жатыр. Мекеме басшысы Мүрсейiт Мейiрқұловтың айтуынша, бүгiнге дейiн 15000 данадан астам көшет будандастырылған. Жұмысқа 30-дан астам бағбан тартылып отыр. 

САЙРАМ

Кәсiпкерлердiң келелi кеңесi

Қарабұлақ ауылдық округiнде «Көкөнiс және бақша дақылдары» тақырыбы бойынша 90 кәсiпкер қатысқан семинар өттi. Семинарға қатысушылар көкөнiс дақылдарының үздiк сұрыптарын өсiру төңiрегiнде қажеттi мағлұматтар алды.

Семинардың екiншi күнi Манкент ауылдық округiнде жалғасты. Осындағы «ЕтАгро-Манкент» селолық тұтыну кооперативiнiң базасында өткен семинарды кәсiпкерлер палатасының аудандық филиалы ұйымдастырды. Жемшөп әзiрлеу, малдың түрлi ауруларының алдын алу, тұқымын асылдандыру, ет пен сүттiң сапасын жақсарту семинардың өзегiне айналды.

Оқырмандарға арналған мүмкiндiк

Ауылдық кiтапхана оқырмандары интернет желiсiн қолдану мүмкiндiгiне қол жеткiздi. Жақында облыстық «Отырар» ғылыми - әмбебап кiтапханасының бастамасымен «Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына – 25 модельдi кiтапхана» аймақтық жобасын iске асыру қолға алынды. Жуырда аталған кiтапхана өкiлдерiнiң қатысуымен Жiбек жолы ауылында жаңа кiтапхананың ашылу рәсiмi өттi.

Аталған iс-шараға облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кiтапханасының бөлiм меңгерушiсi Г.Хакимова, аудандық орталықтандырылған кiтапханалар жүйесiнiң директоры Ү.Есболаева, мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiнiң мамандары, ауыл тұрғындары мен оқырмандар қатысты. 

АРЫС

«Ағаш егу» акциясы жалғасуда

Қала әкiмi М.Қадырбектiң бастамасымен 600 тұрғын қатысқан «Ағаш егу» акциясы өттi. «Арыс-Шымкент» бағытындағы жол жиегiне 1500 түп қара тал, «Жасыл аймақ», «Жастар» саябақтарына, «Жеңiс» аллеясына 200 раушан, 300 катальпа, 300 талшын көшетi отырғызылды. Бұл iс жалғасын таппақ. 

Үш нысан ашылды

Түлкiбас ауданында Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына орай көптеген әлеуметтiк нысандар ел игiлiгiне берiлуде. Таяуда Рысқұлов ауылдық округiндегi Азаттық ауылында 300 орынды мәдениет үйiнiң ашылу салтанаты болды. Ғимаратты аралап көрген аудан әкiмi Ә.Тұрғымбеков жиналғандар алдында құттықтау сөз сөйлеп, тұрғындардың қуанышымен бөлiстi. Мерейлi мереке қарсаңында көпшiлiк көркемөнерпаздардың концертiн тамашалады. Республикалық «Жұмыспен қамту–2020» бағдарламасы бойынша күрделi жөндеуден өткен бұл мәдениет ошағына 75 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Құрылыс жұмыстарын «Нұрлысан» ЖШС-i мердiгер мекемесi жүргiздi.

Аудандық бюджеттен бөлiнген 84 млн. теңгеге осы елдi мекендегi қос қабатты ауылдық әкiмшiлiк үйi де күрделi жөндеуден өткен. Мұнда мамандардың жұмыс iстеуiне барлық жағдай жасалған.

«Жанкент» шағынауданының тұрғындары, ұстаздар мен ата-аналар, жалпы оқушылар қауымы жаңадан iске қосылған 600 орынды мектептiң қоныстойын тойлады. Мерекедегiше безендiрiлген заманауи бiлiм ошағының лентасын ауыл ақсақалдары қиып, әжелер тәттiден шашу шашты. Үш қабатты мектептi салуға облыс қазынасынан 670 млн. теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Түлкiбастықтардың Тәуелсiздiк тойына тартуы әлi де қомақты бола бермек. 

Миллионбектiң мәрттiгi

Шарафкент ауылында биыл ғана пайдалануға берiлген әл-Фараби атындағы шағын жинақты орта мектепте көптiң көңiлiнен шыққан қуаныш болды. Осы ауылдың тумасы, ауыл шаруашылығы саласының майталманы, бүгiнде зейнеткер, спорт ардагерi Миллионбек Асанов мектептiң жас балуандарына 350 мың теңге тұратын боз кiлемдi сыйға тартты.

Кезiнде күрес атасы Әбiлсейiт Айханов ағасына елiктеген Миллионбек ағамыз қарсыластарының талайының жауырынын жер иiскетiптi. Балуан ағамыздың әлi де күрес десе делебесi қозады.

 Салтанатты шара барысында жас балуандар өзара белдессе, аудандық қоғамдық кеңестiң төрағасы Қалаубек Анашев пен аталған мектептiң директоры Н.Төлешов ардагер спортшының мәрттiгiне ризашылықтарын жеткiздi.

Жәрiмбетовтiң келiнi жарады

Кезiнде жүгерiден рекордтық көрсеткiштерге қол жеткiзген Социалистiк Еңбек Ерi Мәнтай Жәрiмбетовтi көпшiлiк әлi ұмыта қойған жоқ. Сол кiсiнiң келiнi Гүлхан Жәрiмбетова – бүгiнде белгiлi кәсiпкер. Жуырда ауыл әкiмi Мейрамбек Кiшкенебаевтың ұйытқы болуымен әлеуметтiк жағынан аз қамтылған отбасыларына көмек көрсетiлгенде Гүлхан да қарап отыра алмады. Қайырымдылық шарасына, сондай-ақ, «Досбол-К» серiктестiгiнiң басшысы Сейiтбек Лесов те көмек қолын созды.

«Аққайың» есiгi айқара ашық

Аудан орталығындағы «Березка» дәмханасы ғимаратының тозығы жетiп, құлауға шақ қалған едi. Жеке кәсiпкер Азамат Жантаев ескi ғимаратты мемлекет меншiгiнен сатып алған болатын. Жуырда күрделi жөндеуден өткен тамақтандыру орны «Аққайың» деген жаңа атаумен тұтынушыларға есiгiн айқара ашты.

«Аққайыңда» бүгiнде ұлттық тағамдар әзiрленедi. Бағалары да көңiлге қонымды. Тағы бiр жаңалығы, дәмхана жанынан азық-түлiк дүкенi ашылды. Осы iстерiмен кәсiпкер көпшiлiктi қуантып қана қоймай, 10 адамға жұмыс тауып бердi.

Спорт алаңы салынды

Майлыкент ауылдық округiнiң әкiмi Келесбек Жартыбаев қызмет тiзгiнiн қолға алғанына көп уақыт өте қоймаса да бiраз тiрлiктiң үдесiнен шығып үлгердi.

Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы мерекесi қарсаңында ауылдық округтiң аумағындағы «Жанкент» шағынауданында жобалық құны 500 мың теңгенiң спорт алаңшасы салынып, тұрғындардың игiлiгiне берiлдi. Ендi мұнда салауатты өмiрдi серiк еткендер футбол, волейбол, баскетбол ойнап, өзге де дене жаттығуларымен шұғылданатын болады.

Көпiр пайдалануға берiлдi

Қос мереке қарсаңында «Жанкент» шағынауданы мен Арыс өзенiнiң арғы бетiнде тұратындарды байланыстыратын көпiр салынып, пайдалануға берiлдi.

«Жигита» серiктестiгiнiң құрылысшылары қысқа мерзiмде салып берген бұл көпiрдiң құны 8 млн. 300 мың теңгенi құрады. Ескi көпiрдiң машақатын көп көрген тұрғындар ендi өзеннiң арғы жағындағылармен алаңсыз әрi қауiпсiз қатынас жасайтын болды. Әсiресе, көлiк иелерi мен жүргiншiлер бұл қамқорлыққа дән риза. 

МАҚТААРАЛ

6000 түп сәндiк ағаштар егiлдi

Аудандық кәсiпкерлiк бөлiмiнiң ұйымдастыруымен «Жасыл аймақ» акциясы өттi. Мақтаарал ауыл округiнде орналасқан индустриалды аймақ, Асықата, Мырзакент, Атакент кенттерiндегi саябақтар, орталық стадион, Ирригаторлар аллеясы және «Кәсiпкерлiкке қызмет көрсету» орталығында 6000 түп сәндiк ағаш егiлдi.

Балама энергия өндiрiлмек

«Компания KADI» ЖШС-i халықты электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында «Күн сәулелi электр стансасының құрылысын» жүргiзу үшiн құны 2,5 млрд. теңгенi құрайтын инвестициялық жобаны iске асыруға ниет бiлдiрiп отыр.

Жобаның аяқталу мерзiмi – 2017 жылдың 1-тоқсаны. Жалпы, 4,8 МВТ электр энергиясымен халықты қамтып, «Астана ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесiне баламалы энергия тарту етiледi. Қазiргi таңға «Компания KADI» ЖШС-i құрылысты жүргiзу үшiн тиiстi құжаттарды ресiмдеп, құрылысты бастау үшiн дайындық жүргiзуде.

ШАРДАРА

Мемлекеттiк қызметшiлер ант қабылдады

«Ұлы дала елi – Тәуелсiздiктiң 25 негiзi» атты акциясы аясында аудан әкiмдiгiне қарасты мекемелерде жаңадан мемлекеттiк қызметке тұрған бiр топ азамат салтанатты түрде ант қабылдады.

Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiнiң бас маманы Дәулетбай Медетбаев өзiне сенiп тапсырылған мемлекеттiк қызметтi адалдықпен атқаруға ант бердi. Сол сияқты аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлiмiнiң жетекшi маманы Кенжехан Қадыров, қала әкiмi аппаратының әлеуметтiк сала маманы Сұлтанхан Әбдiнәсiров, қала әкiмi аппаратының бас маманы Мақсұт Мейiрбеков, Қ.Тұрысбеков ауылдық округi әкiмi аппаратының коммуналдық қызмет жөнiндегi бас маманы Қыныбек Нұрсейiт, Жаушықұм ауылдық округi әкiмi аппаратының бас салық маманы Әйгерiм Момбекова және Достық ауылдық округi әкiмi аппаратының бас салық маманы Бауыржан Орынбасаров салтанатты түрде ант қабылдады.

Аудан әкiмiнiң мiндетiн атқарушы Тұрсынқұл Байтұрғанов ант қабылдаған азаматтарды құттықтап, аймақтың әлеуметтiк-экономикалық дамуына өз үлестерiн қоса беруге шақырды. 

СОЗАҚ

Жаңа балабақшаға баратын болды

Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы қарсаңында Қарағұр ауыл округiне қарасты Раң ата елдi мекенiнде жекеменшiк балалар бақшасы ашылды. Осы ауылдың перзентi М.Ибрагимов бұрынғы Б.Батырбекова атындағы мектептiң ескi ғимаратын қалыпқа келтiрiп, заманауи үлгiдегi балабақшаны iске қосты.

Бүлдiршiндер ұясының ашылу салтанатына аудандық iшкi саясат бөлiмiнiң басшысы А.Сатыбалды, Қарағұр ауылының әкiмi О.Жамиев, аудандық мәслихат депутаты I.Омаров, ауылдық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Ж.Төлбаев қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, жас толқынға сәттiлiк тiледi. Кәсiпкер М.Ибрагимов балабақша меңгерушiсiне кiлттi салтанатты түрде табыс еттi. Мұнан соң лента қиылып, әжелер шашу шашты. Балабақша жайын аралап көрген ауыл тұрғындары ризашылықтарын бiлдiрдi.

Жекеменшiк балабақшада 12 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған. Қазiргi таңда бұл ауылда 70 отбасы тұрады.

КЕНТАУ

«Жақыныңа жәрдемдес»

Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына орай Ащысай ауылында «Жақыныңа жәрдемдес» жастар қайырымдылық акциясы өттi. Акция аясында 15-ке жуық әлеуметтiк аз қамтылған отбасыға киiм-кешек таратылды. Мұндағы мақсат – жартылай жетiм, тұл жетiм балалар мен көп балалы және аз қамтылған отбасының балаларына көмектесу.

Ауыл ақсақалдары Б.Жүсiпов пен Н.Мұхаев акцияға демеушiлiк жасап, аз қамтылған отбасындағы мектеп оқушыларын оқу құралдарымен және 3 отбасын күн сайын нанмен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар ауыл кәсiпкерi Б.Тәжiбаев әлеуметтiк аз қамтылған отбасында тәрбиеленушi 5 оқушыны қамқорлықтарына алды.

Акция қалаға қарасты өзге де ауылдарда өттi. 

Көше мерекелерi көңiлдi

Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай Кентау қаласында көше мерекелерi өтуде. Әр көшеде және көпқабатты тұрғын үйлер аулаларында Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайының өнер ұжымы мен жастар патиоттық әсем әндер орындап, мың бұрала би билеуде. Сонымен қатар эстафеталық спорттық жарыстар өтiп жатыр.

Осы iс-шараның бiрi Торайғыров көшесiнде өттi. Оған қала басшылары мен қалалық мәслихат депутаттары, ақсақалдар мен ардагерлер қатысты. Көше мерекесiнiң соңында қоғамдық жұмыстарға атсалысып жүрген белсендi азаматтар Алғыс хаттармен марапатталды.

Құнды жәдiгерлермен толықты

Санкт-Петербург қаласынан келген қаламгер, актер Шерхан Әбiлов Кентау қаласындағы мұражайға құнды заттарды табыс еттi. Оның iшiнде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы кеңес және немiс әскерлерiнiң каскалары және жауынгер ыдыстары, сол тұстағы басылым парақшалары, одан бөлек әкесi Әбдi талай жыл бойы қолданған ағаштан жасалған баян, аяқ-киiмнiң қалыптары, басқа да құнды жәдiгерлер бар.

Қала әкiмi Әбдiбақыт Мақұлбаев ұйымдастырылған iс-шараның маңызының жоғары екенiн атап өтiп, игi iске ұйытқы болған Шерхан Әбдiұлына алғысын бiлдiрдi. Қалалық мәслихаттың хатшысы Талғат Балабиев, ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Исахан Жұмабаев, ақсақалдар кеңесiнiң төрағасы Мұратбек Абдуллаев, қаламгер Рысты Атабекқызы ел ағасының өмiр жолдарын атап өттi.

Бiрқатар қала тұрғындары Жеңiстiң 70 жылдығына орай шығарылған медальдармен марапатталды. Мұражай ұжымы да Шерхан Әбдiұлына Алғыс хат табыс еттi.

Көпшiлiк музейге қойылған жаңа жәдiгерлермен танысты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары