$ 448.89  477.93  4.76

Бұл ауылда қарыс жер бос жатпайды

Бүгiнгi таңда елiмiздiң қай өңiрiне бара қалсаңыз да елеулi өзгерiстердi аңғару қиын емес. Елдiң алдағы күндерге деген сенiмi артып, бiр кездерi мүмкiн еместей болып көрiнген межелi шаралар қазiр ойдағыдай iске асуда. Елдiң әлеуметтiк-тұрмыстық жағдайы жақсарып, әлем мойындаған елдердiң қатарына ендi. Тәуелсiздiк бүгiнде ел тұғырына айналды. Ел еңсесi көтерiлдi. Үлкен-кiшi түгел тәуелсiздiк қадiрiн ұқты.

Сарыағаш ауданы халқының тұрмыс-тiршiлiгiнен де оң өзгерiстердi аңғаруға болады. Атап айтқанда, үлкен жолдың бойында орналасқан Жiбек жолы ауылы сан ғасырлар бойы ел мен елдi жалғап келедi. Көне керуен жолы да осы елдi мекеннiң үстiмен өткен. Қазiргi таңда Жiбек жолы ауылында 7 елдi мекен бар, онда 3 мыңға жуық отбасы тұрады. Сонымен қатар, ауыл округiнде 17 ұлт өкiлiнен құралған 20 мыңнан астам халық тату-тәттi күн кешуде. Жiбек жолы ауылы көршiлес өзбек елiмен шектесiп жатыр. Ауылы аралас, қойы қоралас өзбек ағайындармен барыс-келiс еш тоқтаған емес.

Тәуелсiздiк алған жылдардан берi ауыл округiнде көптеген өзгерiстер болды. Қазiр 7 жалпы орта мектеп бар. Соның 4-еуiне жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берiлген. Ал, «Балапан» бағдарламасы бойынша 10 жекеменшiк балабақша ашылды. Сонымен қатар, 1 емхана, 5 фельдшерлiк-акушерлiк пункт елдiң денсаулығын жақсарту үшiн жұмыс iстеп тұр. 4 кiтапхана мен 1 мәдениет үйiнiң келушiлерге есiгi ашық. Кәсiпкерлiк саласында салынған 2 автобекет, 2 әмбебап базарға ауданның ғана емес, көршi елдiң азаматтары да келiп сауда-саттық жасайды. Ауыл шаруашылығы саласына келсек, мұнда «Красный водопад АТШС» ЖШС, 17 өндiрiстiк кооператив, 827 шаруа қожалығы, «Жетiсу» шарап өңдеу зауыты бар.

– Ауылда жалпы 19732 гектар жер болса, соның 2617 гектары суармалы. Ауыл тұрғындары еңбекқор. Бiр қарыс жер бiзде бос жатпайды. Көкөнiс пен жемiс-жидектердiң барлық түрiн егедi. Қазiргi таңда 6 жылыжай салынып, олардың көлемiн ұлғайту жоспарланып отыр. Сол сияқты көшелердi күрделi және орта жөндеу, көше бойына аяқжол салу басталып кеттi. Ағаш электр бағаналарын темiр-бетон бағаналарға ауыстыру, таза ауызсу жеткiзу жұмыстары кезең-кезеңiмен орындалып, әлi де жалғасып келедi. Осының бәрi – Тәуелсiздiктiң жемiсi. Егемендiктiң 25 жылында экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз артты. Бiлiм мен денсаулыққа баса мән берiледi. Өзге елдермен қарым-қатынас өсiп, саяси-мәдени байланыстар артты. Тәжiрибе алмасуға, үйренуге, еңбек етуге кең жол ашылды. Көз алдымызда өз ауылымыздың көркейiп келе жатқаны соның бiр дәлелi. Мұның бәрi – бiздiң мақтанышымыз. Елiмiздiң туы көкте қалықтай берсiн, – дейдi Жiбек жолы ауыл округiнiң әкiмi Талғат Әзiмбердиев.

Осындай игi шараларды барлық ауылдан көруге болады. Ең бастысы, елiмiзде бiрлiк, саяси тұрақтылық бар. Бұл – елiмiздiң басты байлығы.

"Оңтүстік Қазақстан".

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары