$ 444.22  476.38  4.82

Шардаралық жастар Елбасыға хат жазды

Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы қарсаңында Шардара қаласындағы №16 колледждiң «Жас қанат» жастар ұйымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнайы жеделхат жолдады. Онда былай делiнген:

«Аса құрметтi Елбасы!

Ең ғажайып өлеңiмiз, шуақты да шырайлы мерекемiз – елiмiздiң Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Аса қадiрлi Нұрсұлтан Әбiшұлы! Сiзге өте үлкен тебiренiспен, терең мақтаныш сезiммен мерекелiк құттықтауды шырайлы Шымкенттен 230 шақырым қашықтықта орналасқан шағалалы Шардара қаласындағы бiрден-бiр оқу орны №16 колледждiң «Жас қанат» жастар ұйымының атынан жолдап отырмыз. Ел тәуелсiздiгi үшiн, жастарға жасап отырған қамқорлығыңыз үшiн, бақытты күнiмiз бен бейбiт елiмiз үшiн Сiзге алғысымыз бен ыстық ықыласымызды бiлдiремiз! Мың қаланың қайғысын бiр тәуекелмен бұзып, iзгiлiктiң нұрын себетiн дарқандығыңыз бен парасатыңыз үшiн басымызды иемiз!

Жарқын тәуелсiздiгiмiздiң арқасында бұрынғы «СПТУ» дейтiн оқу орнының мәртебесi көтерiлiп, «колледж» аталды. Осыдан 25 жыл бұрын төрт-ақ мамандық бойынша бар-жоғы 125 студент оқыған екен. Бүгiнгi таңда ауыл шаруашылығы, техникалық және халыққа қызмет көрсету саласы бойынша 11 мамандықта 700 бала бiлiм алудамыз. Оқуымыз, тамағымыз, жатақханамыз тегiн. Оқу ғимараттары толық күрделi жөндеулерден өткен, заман талабына сай жабдықталған. Ай сайын стипендия аламыз.

Құрметтi Нұрсұлтан Әбiшұлы! Сiздiң бiз сияқты шалғайдағы елдi мекендердегi көп балалы, әлеуметтiк тұрмысы орташа немесе төмен отбасылардан шыққан балалар үшiн жасап отырған мемлекеттiк үлкен саяси-әлеуметтiк астары бар қамқорлығыңыз үшiн алғысымызды айтамыз!

Бiз, жастар, тәуелсiздiктi тұғырлы ету керектiгiн бiлемiз. Сондықтан терең бiлiммен ғибратты, белсендi жұмыс iстеуiмiз керек. Бiздiң колледж жастары елiмiздiң мерейтойын үлкен жетiстiктермен қарсы алып отыр. Биыл бiтiрген 175 жас маманның 96%-ы жұмысқа орналасып, облысымыздағы 92 колледждiң арасында рейтингтiк көрсеткiш бойынша бiрiншi орынға ие болдық. Биыл бiрiншi рет өткiзiлген «World skils Kazakstan – 2016» өңiрлiк чемпионатына бiздiң колледжден 7 студент «Құрылысшы», «Аспаз», «Тiгiншi», «Электрик», «Газбен дәнекерлеушi» мамандықтары бойынша қатысты.

Газбен дәнекерлеушi құзыреттiлiгi бойынша 2-орынды, «Құрылысшы» мамандығы бойынша 1 және 3-орынды жеңiп алдық. 1-орын иегерi Жанарыс Таубай «Құрғақ сылақ» құзыреттiлiгi бойынша ұлттық чемпионатқа жолдама алды. Ол «Заманауи үлгiдегi тұрғын үй» тақырыбымен жасалған ғылыми жобасы үшiн облыс әкiмi Ж.Түймебаевтың «Жас ғалым» сертификаты мен бағалы сыйлығына ие болды. Жанарыс сияқты жастарымыз көп. Құрметтi Елбасы! Сiздiң салып берген дара жолыңыз бен жүргiзiп отырған сарабдал саясатыңыз әрбiр қазақстандық үшiн бойтұмардай еркiндiктiң белгiсi. Туымыз желбiреп, Әнұранымыз шырқалып, бесiгiмiзден баламыз, дастарқанымыздан нанымыз кетпесiн!

Ел мәртебесi үшiн, сенiмдi болашақ үшiн аман болыңыз!»

Шардаралық жастардың бұл хаты көпке өнеге. Өздерi бiлiм алатын оқу орнының, туған елiнiң, жерiнiң патриоты болатын осындай жастардың көбейгенi қуантады.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Жұлдызды 25 күн