$ 447.4  477.55  4.76

«Тәуелсiздiк керуенi» ел аралап жүр

Бүгiнде халқының саны 210 мыңға жуық сансыз бабтар мекенi саналатын киелi Сайрам ауданының ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына тартуы мол. Мәселен, ауданның жалпы өңiрлiк өнiмi 1995 жылы  3,8 млрд. теңге болса, 2015 жылы оның көлемi 104,2 млрд. теңгеге жетiп, 27,4 есеге өскен. Осы жылдар iшiнде алма бағының көлемi 610 гектарға өсiп, тамшылатып суару технологиясы қолданылатын жер көлемi 550 гектарға жеттi. Ауданда шағын және орта кәсiпкерлiк жақсы дамыған. Сонау 1995 жылдары бұл салада 9,9 мың адам еңбек етсе, бүгiнде 22,4 мың адам кәсiпкерлiкпен айналысуда.

Таза ауызсу мәселесi де толықтай шешiлген. Бүгiнде аудандағы 42 елдi мекеннiң 41-iне таза ауызсу тәулiк бойы берiлуде. Соның iшiнде 19 елдi мекеннiң тұрғындары табиғи газбен қамтылған. Биыл Қарабұлақ елдi мекенiндегi газдандыру құрылысы толығымен аяқталды.

Тәуелсiздiк жылдары типтiк 41 мектеп және 75 балабақша (оның iшiнде 11-i мемлекеттiк, 64-i жеке кәсiпкерлер есебiнен) салынып, 28 бiлiм беру мекемесi күрделi жөндеуден өттi. Кең де әсем орталық саябақ салынып, неке сарайы пайдалануға берiлдi.

Тәуелсiздiк жылдарында жеткен осындай толағай табыстарды насихаттау, тегiн медициналық қызмет көрсету, аз қамтамасыз етiлген отбасыларға, мұқтаж азаматтарға материалдық жәрдем беру мақсатында аудан әкiмi Самат Сапарбаевтың бастамасымен «Тәуелсiздiк керуенi» ұйымдастырылды. Құрамында түрлi сала мамандары бар керуен аудандағы 11 ауыл округiн аралап, тұрғындарға қызмет көрсетпек. Тiзгiнiн аудан әкiмi ұстаған керуен осы Жiбек жолы және Манкент ауыл округтерiнде халықпен емен-жарқын кездесiп, етене сұхбаттасып, жан-жақты қызмет көрсеттi. Ұлы Отан соғысының ардагерi, бүгiнде жасы 90-нан асқан манкенттiк Шарасұл Бозовтың үйiне арнайы ат басын бұрған аудан әкiмi Тәуелсiздiк мейрамымен құттықтап, ақсақалға мерекелiк сый-сияпат тапсырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары