$ 447.4  477.55  4.76

Болат Жылқышиев: «Әрбiр адамның тағдыры туған жерiмен тамырлас»

Күні кеше Шымкентте «Туған жердi түлету – перзенттiк парыз» атты кең ауқымды қайырымдылық акциясы өткені белгілі. Шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған. Оның мақсаты – оңтүстік өңірінен түлеп ұшқан танымал азаматтардың басын туған жерінде қосу, туған жерді түлетуге шақыру.

Осынау акцияға бұрын Шымкент қаласын, кейін Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған Болат Жылқышиев те келіп қатысты. Бүгінде ол «ҚазАтомПром» Ұлттық атом компаниясы Басқарма төрағасының кеңесшiсi.

Болат ЖЫЛҚЫШИЕВ, «ҚазАтомПром» Ұлттық атом компаниясы Басқарма төрағасының кеңесшiсi, қоғам қайраткері:

– Туған жер дегенде тебiренбейтiн жан жоқ шығар. Ел деп елеңдеп отырамыз. «Туған жердi түлету – перзенттiк парыз» қайырымдылық акциясына шақырту алғанда тiптен басқаша күй кештiм. Иә, қайда қызметте жүрсек те елге қызмет ету, Отанға пайдалы болу, жан-жағымызға шапағатымызды шашып жүру – перзенттiк борышымыз. Бұл парыздан ешкiм де қашып құтылмақ емес.

Тағдыр менiң маңдайыма Шымкент қаласын, одан кейiн Оңтүстiк Қазақстан облысын басқаруды жазыпты. Жаман жұмыс iстеген жоқпыз деп ойлаймын. Шымкент шаһарындағы «Нұрсәт» шағынауданы менiң төл перзентiм. Осы шағынаудан құрылысын облыстың бұрынғы басшысы Асқар Мырзахметов жақсы жалғастырды. Әкiмшiлiк-iскерлiк орталығы бой көтердi. Соның маңайындағы «Түркiстан» сарайы, «Көрме» орталығы, «Отырар» кiтапханасы, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры шаһар шырайын аша түстi. Кезiнде Д.Қонаев даңғылын ашқанымызда осы көше бойына зәулiм үйлер салынады деп жоспарлаған едiк. Бұл ойымыз да жүзеге асыпты. Жалпы, Шымкент қаласы жыл өткен сайын танымастай өзгерiп келедi. Мен әкiмшiлiк-iскерлiк орталығы маңайындағы көпқабатты үйлердiң одан әрi көбейе бергенiн қалар едiм. Бiр қабатты жатаған үйлер қаланың бiр шетiне ығысып қалуы тиiс.

Облыстың жаңа басшысы Жансейiт Түймебаевтың бастамасын қызу қолдаймын. Өйткенi, әрбiр адамның тағдыры туған жерiмен тамырлас. Олай болса, туған жерде түлеген ел азаматтарымен қайта қауышу бiзге үлкен мiндеттер де жүктейдi.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары