$ 444.22  476.38  4.82

Шәхизада ШАНАСҰРОВА: «Туған жердің түтіні де тәтті»

Күні кеше Шымкентте «Туған жердi түлету – перзенттiк парыз» атты кең ауқымды қайырымдылық акциясы өткені белгілі. Шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған. Оның мақсаты – оңтүстік өңірінен түлеп ұшқан танымал азаматтардың басын туған жерінде қосу, туған жерді түлетуге шақыру.

Осынау акцияға танымал эстрада әнішісі Шәхизада Шанасұрова да арнайы келіп қатысты.

Шәхизада ШАНАСҰРОВА, әншi:

— «Туған жердi түлету – перзенттiк парызымыз» қайырымдылық акциясы маңызды жиындардың бiрi болмақ. Оңтүстiкте туып, еңбегiмен елге танылып жүрген азаматтардың басқосуына елеп-ескерiп  шақырған соң басқа жұмысты  ысырып қойып, жолға шықтым. Әрине, қайырымдылық акциясына қатысып қана қоймай, қолдан келгенше қол ұшымды созып,  атсалыссам деймiн. Өнер десе iшкен асын жерге қоятын, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Оңтүстiк халқының ықыласы ерекше. Олардың қошеметiне бөленудiң өзi бiр бақыт.   

«Туған жердiң түтiнi де тәттi» дегендей, жырақта жүрсек те жұдырықтай жүрегiмiз туған жер деп соғып тұратыны шындық. Өзiңдi сағына күткен жандардың алдында  өнер көрсетiп, ықыластарына бөленуден артық дүние бар ма?!

Алдағы уақытта Шымкентте үлкен концерт берудi жоспарлап жүрмiн.  Репертуарымда  Iлияс Байбосыновтың «Шымкентiм — шымқалам»,  жерлесiмiз, марқұм Ержан Серiкбаевтың «Арыс жағасында» әндерi бар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары