$ 444.32  473.33  4.76

Елбасы мен егемендік - егіз ұғым

Қазақстанның дербес мемлекет болып қалыптасуына, әлемде өзiндiк орны бар ел болып орнығуына, қарқынды дамуына елiмiздiң сыртқы және iшкi саясатындағы жетiстiктерiне Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың сiңiрген еңбегi орасан зор. Ел мен Елбасы, Тәуелсiздiк пен Тұңғыш Президент атауларының егiз ұғымдарға айналуы тегiн емес.

1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президентi күнi мерекесiне арналған салтанатты шарада облыс әкiмi Жансейiт Түймебаев осылай дедi.

Мерекелiк iс-шара «Көрме орталығында» өткен «Елi сүйген, елiн сүйген – Елбасы» атты фотокөрмеден бастау алды. Онда ел дамуындағы Мемлекет басшысының рөлi мен Қазақстанның жетiстiктерi көрiнiс тапқан. Ал, «Түркiстан» салтанат сарайында өткен мерекелiк жиында облыс әкiмi көпшiлiктi айтулы мерекемен құттықтап, оның мән-маңызына тоқталды.  

— Президенттiң парасатты саясаты мен қажырлы еңбегiнiң арқасында тiлiмiз, дiнiмiз және дiлiмiз қайта оралып, тарихымыз түгенделiп жатыр. Президент тарихи жауапкершiлiктi мойнына алып, ел болашағына қатысты батыл, көреген шешiмдер қабылдап, олардың өмiршеңдiгiн дәлелдеп келедi. Осы орайда — «Қазақстан — 2030», «Қазақстан — 2050» Стратегияларында көрсетiлген маңызды мақсаттарды айтуға болады. Ал, елдiң егемендiгiн айқындап, әлеуметi мен әлеуетiн дамытатын шешiмдер, атқарылған шаралар қаншама! Елбасы мемлекеттiң сыртқы саяси бағытын дәл айқындап, шетелдермен достық қарым-қатынас орната бiлдi, -- дедi өңiр басшысы.

Облыс әкiмi Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi басшылығымен мемлекетiмiз демократиялық құндылықтарды құрметтеу, ашық қоғам құру, адам құқығын қорғау мен сөз бостандығын өркениет өрiсiне сай қамтамасыз ету салаларында толағай табыстарға жеткенiне тоқталды. Сондай-ақ, елiмiздiң экономикасын көтерiп, халқымыздың әл-ауқатын арттыру, саяси реформалар жүргiзiп, басқарудың тиiмдi тетiктерiн қалыптастыру бағытында да қыруар шаруалар атқарылғанын айтты.

Облыс басшысы Тәуелсiздiк жылдарында Оңтүстiк өңiрi биiк белестердi бағындырғанын баян еттi. Оның айтуынша, бұл жылдары облыс экономикасына

3 трлн. 300 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Сондай-ақ, осы жылдар iшiнде 347 денсаулық сақтау нысаны, 491 мектеп, 1491 балабақша пайдалануға берiлген. Ал, өнеркәсiп өнiмiнiң көлемi 24,1 млрд. теңгеден 670,4 млрд. теңгеге дейiн артса, ауыл шаруашылығы өнiмi 20 млрд. теңгеден 426,9 млрд. теңгеге дейiн өскен. Сонымен қатар, ширек ғасырда өңiр халқының саны 1,8 миллионнан  2,8 миллионға жетiп, жерлестерiмiздiң қатары 1 миллион адамға көбейген. 2001 жылы бүкiл мемлекетiмiздiң бюджетi 508 млрд. теңге болса, бүгiнде тек бiздiң облыстың бюджетi 550 млрд. теңгенi құрап отыр.

Айта кетейiк, мерекелiк шара барысында өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына елеулi үлес қосқан бiрқатар азаматтар облыс әкiмiнiң Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, бұл күнi Н.Назарбаевтың өмiрi мен қызметiне арналған «Жұлдыздар тоғысқанда» көркем фильмi көпшiлiк қауымның назарына ұсынылды.

"Оңтүстік Қазақстан"

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары