$ 439.43  473.31  4.82

Жұлдызды 25 күн

Шымкент. «Қоғамдық келiсiм» мекемесiнiң мәжiлiс залында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «дөңгелек үстел» мәжiлiсi өттi. «Ұлы дала елi - Тәуелсiздiктiң 25 негiзi» Жұлдызды 25 күн акциясының «Әлем. XXI ғасыр» манифесi жалпыұлттық бiрегей тақырыптық күнi аясында өткен жиынға ғалымдар, облыстық этномәдени бiрлестiктер мен қоғамдық ұйымдардың белсендi мүшелерi және жастар қатысты.  Басқосуда сөз алғандар   бүкiл әлем елдерiнiң қызу қолдауына ие болған манифестiң маңыздылығын сөз еттi.   Сондай-ақ, Елбасының 1991 жылы 29 тамызда «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойып, егемен елдiң ертеңi үшiн үлкен тәуекелге баруы батылдықтың, көшбасшылықтың және бейбiтсүйгiштiктiң жарқын үлгiсi екендiгi  баяндалды. Осы тағдыршештi, терең пайымдалған Жарлық арқылы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев ядролық державалар басшыларына тағлым көрсетiп, қарусыздану iсiнде үлгi болатын тұғырлы тұлғаға айналғаны айтылды.

Созақ. «Жұлдызды 25 күн» акциясы аясында «Бiрегейлiк және бiрлiк» күнiне орай Қыземшек, Сызған және Созақ ауылдық округтерiнде «Мен елiмнiң патриотымын» атты семинарлар өттi. Түрлi этнос өкiлдерi арасында өнердiң сан саласынан байқаулар ұйымдастырылды.

Ал, акцияның «Ұлттық валюта» күнi аудан әкiмдiгiнiң экономика және қаржы бөлiмi қаржы саласында абыройлы еңбек еткен азаматтарды марапаттады. Сондай-ақ, Шолаққорған ауылдық округiнде «Төл теңгемiздiң тарихы» атты «дөңгелек үстел» мәжiлiсi өтсе, Сұлтанбек Қожанов атындағы мұражай ұжымы «Ұлттық валюта – тәуелсiздiктiң негiзi» тақырыбында көрме ұйымдастырды.

Әрбiр күнге мән берген созақтықтар «ХХI ғасыр – соғыссыз әлем» интеллектуалды сайысын, «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» фотокөрмесiн және «Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы және оның қазiргi жетiстiктерi» тақырыбындағы семинарды да жоғары деңгейде өткiздi. 

Ордабасы. Ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығына орай, «25 жұлдызды күн» аясында ауданда «Ұлттық валюта» күнi аталып өттi. Аудан әкiмiнiң орынбасары Ғалымжан Үсенбаев қаржы саласы қызметкерлерiн мерекемен құттықтап, ордабасылық есепшiлерге облыстық қаржы басқармасы басшысының, аудан әкiмiнiң, экономика және қаржы бөлiмi басшысының Алғыс хаттарын  тапсырып, сый-сияпат жасады.

Осы салада көп жыл еңбек етiп, аудан экономикасын көтеруге үлес қосқан еңбек ардагерi Балабек Тұрдыбек құрмет көрсеткен азаматтарға ризашылығын бiлдiрдi. Аудандық экономика және қаржы бөлiмiнiң басшысы Алтынай Сиқымбаева да қаржыгерлердiң жұмысына сәттiлiк тiледi.

Түлкiбас. Аудандық бiлiм, мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмдерi мен  «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нiң ұйымдастыруымен Тастұмсық ауылдық округiнде «Бiр халық, бiр ел, бiр тағдыр» атты мәдени iс-шара өттi.  Түрлi этнос өкiлдерi қатысқан мерекеге аудан әкiмiнiң орынбасары Ж.Бектаева қатысып, тұрғындарды Тәуелсiздiк мерекесiмен құттықтады. Елiмiздiң 25 жылда бағындырған биiк белестерi жөнiнде айтып өттi.

Шарада славян, өзбек және түрiк этномәдени бiрлестiктерiнiң өнерпаз жастары түрлi ұлт өкiлдерiнiң билерiн билеп,  әндерiн айтып концерттiк бағдарлама көрсеттi. Дастарқанға этностардың ұлттық тағамдары қойылды.

Кентау. Шәмшi Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында қаланың зиялы қауым өкiлдерi мен жастарының қатысуымен «Қазақстан бiрлiк пен татулық мекенi» форумы өттi. Форумда қалалық iшкi саясат бөлiмiнiң басшысы Қанат Бақберген, қалалық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Исахан Жұмабаев жастарды еңбекқор болуға шақырып, Тәуелсiздiктiң 25 жылдығымен құттықтады.

Қаладағы «Жұлдызды 25 күнге» арналған iс-шаралар «Жақыныңа жәрдемдес» қайырымдылық акциясы мен «Үлкен ел – үлкен отбасы» атты фотокөрмемен жалғасын тапты. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң жәрмеңкесi мен «Менiң жетiстiгiм -- елiмнiң жетiстiгi» деп аталған мүмкiндiгi шектеулi жандардың қонцертi де көпшiлiкке ұнады. Қаланың барлық мектептерiнде «Теңгенi жасау тарихы» интерактивтiк лекциялары оқылса, №3 көпсалалы мектеп-гимназиясында «Ядролық қарусыз әлем» күнiне арналған «Ядролық қарусыз болашақ» iс-шарасы өттi.

Ататүрiк атындағы №4 мектеп лицейiнде Желтоқсан оқиғасы қаһармандарымен кездесу ұйымдастырылды. Сол бiр қиын кезеңге куә Желтоқсан оқиғасына қатысушы ағалар жастарға тәуелсiздiктiң қадiрiн бiлу керектiгiн айтты.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары